«Біздің полиция» — Әлнұр Боранбек

Әр саланың өзіндік қиындығы мен жауапкершілігі бар. Ал тергеу қызметінің басқа салаларға қарағанда, ар алдындағы жүгі ауыр. Олар ақиқаттың ақ жолынан таймай, бұлтартпайтын айғақтар арқылы қылмыскерлерді құрықтап, істі жан-жақты зерттейді.
«Біздің полиция» жобасының кезекті кейіпкері — Тұран АПБ Тергеу бөлімінің тергеушісі, полиция лейтенанты Әлнұр Боранбек. Шымкент қаласы Полиция департаменті «Біздің полиция» жобасы арқылы қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, құқық тәртібін қамтамасыз етіп жүрген тәртіп сақшыларын таныстырып келеді. Әлнұр Ғалымбекұлы 2001 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Бала күнінен қоғамның тыныштығын күзетуді, Отанға адал еңбек етуді көздеген оның діттеген мақсаты бар-тын. Ол — тәртіп сақшысы атанып, погондылар қатарынан табылу еді. Мектеп бітірген бойда алға қойған мұратына жету үшін осы бағыттағы жоғарғы оқу орнына түскен. Осылайша ол, 2018-2022 жылдары Қарағанды қаласындағы Б.Бейсенов атындағы Заң академиясын үздік көрсеткішпен тәмамдайды. Еңбекші аудандық полиция басқармасы Тергеу бөлімінің тергеушісі болып алғашқы еңбек жолын бастап, қазіргі кезде Тұран АПБ тергеуші лауазымында қызметін атқаруда. Жүгі ауыр, жауапкершілігі зор саланы абыроймен еңсеріп жүрген полицей әркез өзіне жүктелген міндетті кәсіби шеберлікпен атқарып келеді. Бастысы, жас сақшының жұмыста жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, басшылық тарапынан марапаттар алып, халықтың алғысына бөленіп жүргені қуантады.
«Полиция қызметкері болу – менің арманым болды. Салада қиындықтар мен қызықты жайттар көп кездеседі. Қызметпен қатар спортты бірге алып жүрмін. Футбол ойнағанды жақсы көремін. Бастаған істі соңына дейін жеткізе білу, жауапкершілікті бәрінен жоғары қою қасиеті де – тергеуші үшін басты қағида», — дейді полиция лейтенанты.



