Темекінің жастарға келтіретін зияны мен оның алдын алудың маңыздылығы талқыланды

Шылым шегу – алкогольдік ішімдік ішу, нашақорлық сияқты адам ағзасында ауру тудыратын қауіп-қатер факторларының бірі. Бүгінгі күні осы зиянды әдет медициналық қана емес, сонымен қатар әлеуметтік проблемаға да айналды.
Шымкент қаласында Дүниежүзілік темекі шегуге қарсы күрес күніне орай, Халықаралық нашақорлыққа қарсы айлық іс-шаралар аясында арнайы мамандардың қатысуымен дөңгелек үстел және тұрғындарға арналған ашық есік күні ұйымдастырылды.
Аталған шараға Денсаулық сақтау басқармасының «Психикалық денсаулық орталығының» мамандары, Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері, Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығының» өкілі, үкіметтік емес ұйым және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Мамандар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын әлемде 8 миллион адам темекі салдарынан көз жұматынын, соның 890 мыңға жуығы өзгелер темекі шеккен шылымның түтініне уланғандар екенін айтты.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков, қазіргі таңда төрткүл дүниеде жаһандық қатер болып, бүгінгі күннің бас ауруына айналып отырған темекінің, оның ішінде электрондық темекілердің қоғамға, әсіресе жастарға келтіретін зияны туралы ойларымен бөлісіп, оның алдын алудың маңыздылығын атап көрсетті.
Сонымен қатар, темекінің арқасында басқа да созылмалы ауру түрлерінің пайда болатынын, темекіге қанағаттанбаған кейбір адамдар есірткіге көшіп, түбінде нашақорға айналатынын жеткізді.
Шараға қатысушылар темекі бұйымдарының әлеуметтік, экономикалық, психология-педагогикалық, медицина-биологиялық мәселелері мен оның қасіреті, тигізетін зияны туралы сөз қозғап, бірлесіп атқаратын іс-шараларды пысықтады. 2005 жылы қабылданған бағдарлама жүзеге асырылғаннан бері бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды.



