Миллионнан астам тұрғыны бар шаһар көшелерінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жол белгілері орнатылды

Миллионнан астам тұрғыны бар шаһар көшелерінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жол белгілерін орнату жұмыстарын жүзеге асыруда. Осы орайда, тәртіп сақшылары жол қозғалысына қатысушы барша азаматтарға жол жүру қағидаларын қатаң сақтауды ескертеді.
Шымкент қаласы ПД Жол техникалық инспекция бөлімінің қызметкерлерімен мегаполистегі автокөлік жолдарына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, Т.Рысқұлов, Назарбаев, Байтереков, Казиева, Арғынбеков, Б.Момышұлы, Назарбеков көшелеріне жол таңбалары сызылып, жаңартылды.
Сондай-ақ, қала тұрғындарының өтінішін назарға ала отырып, Төле би көшесіне жаяу жүргіншілер өткелі орнатылды. Бұған қоса, Жібек жолы көшесіндегі жол жүрісін реттейтін құралдар толығымен жуылып тазартылды.
Жол апаты жағдайларының алдын алу, жол қозғалысына қатысушыларға келеңсіздік тудырмау мақсатында Таскен шағынауданы Бабашұлы көшесіне қиылысатын Орда, Гулдана, Бәйгетөре, Өзекті, Дархан, Бесжалтау көшелеріне ҚР Жол жүрісі қағидаларының 2.1(Басты жол), 2.4 (Жол беріңіз) белгілері орнатылды.
Айта кетейік, үшінші мегаполисте Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлерімен автожолдардағы жол-көлік оқиғаларының алдын-алу мақсатында ұдайы рейдтік іс-шаралар жүргізіліп келеді. Мәселен, тәртіп сақшылары 5 тәулік ішінде әртүрлі заң бұзушылыққа жол берген 975 мотокөлік тізгіндеушісін анықтады. Оның ішінде, ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы 2-бөлігімен мотошлем қолданбағаны үшін 187 тұлғаға хаттама толтырылды.
Сондай-ақ, маневр жасау қағидаларын бұзғаны үшін 123 жүргізуші әкімшілік кодекстің 595-бабымен жауапкершілікке тартылды. Тыныштықты бұзғаны үшін 59 тізгіндеушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабымен әкімшілік хаттама толтырылды. Бұдан бөлек, техникалық регламенттердің талаптарына сай келмейтін көлік құралын басқарғаны үшін — 47, техникалық қарап тексеруден өтпеген — 44, жаяу жүргіншілерге басымдық бермеген — 23, тиісті рұқсатсыз қайта жабдықтаған-23, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өткен -14 азамат жауапқа тартылды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, жыл басынан бері мотокөлік жүргізушілерінің тарапынан орын алған 2082 құқық бұзушылық анықталып, 32 мотокөлік айыптұраққа қойылды.



