Жазғы лагерьдегі балалармен есірткіге қарсы науқан ұйымдастырылды

Шымкенттік полицейлер «Үш бұлақ» балаларды сауықтыру орталығына барып, балалармен есірткіге қарсы науқан өткізді. Бүгінде бұл орталықта қаламыздың 2 бірдей балалар үйінің тәрбиеленушілері мен өзге де мектеп оқушылары демалуда.
Іс-шараға қатысқан Шымкент қаласының полиция департаментінен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков, балаларға есірткі немесе басқа да психоактивті заттардың қауіптілігін, оның денсаулыққа алып келер зардабын түсіндіріп, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын жеткізді.
Кездесу барысында балалардың ақпаратты толық игеруін қамтамасыз ету мақсатында, «Біз әдемі, бақытты өмірді таңдаймыз» тақырыбында зияткерлік ойындар өткізілді. Оның соңы спорттық іс-шаралармен жалғасып, естелікке суретке түсумен аяқталды.
Есірткі бизнесімен және нашақорлықпен күрес жүргізу тек қана құқық қорғау органдарының ісі деп қаралмауы керек, ол жалпы халықтың міндеті болып саналуы тиіс. Нашақорлықтың алдын алу үшін бұл іске барлық мемлекеттік органдарын, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдарын белсенді тарту – онымен күрестің алғы шарттарының бірі.
Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары мен «Аманат» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен Шымкент қаласында «Есірткіге жол жоқ!» акциясы өткізілді. Оған құқық қорғау қызметі және партия өкілдері, жастар мен еріктілер жұмылдырылды.
Аталған акция аясында олар бірлесе отырып есірткі заттары насихатталған және жарнамаланған орындарды анықтап, оларды жою жұмыстарын жүргізді. Соның ішінде, қала аумағындағы ғимараттар мен үй-жайлардың сыртқы қабырғасына есірткімен байланысты заттардың қысқаша атаулары, олар насихатталған интернет сілтемелердің немесе әлеуметтік желі парақшалары мен каналдардың атаулары жазылған мекенжайларды анықтап, арнайы бояулармен өшірді.
Осыған байланысты, полиция қызметкерлері аталған жазуларды жазғаны және суреттер салғаны, есірткі заттарын насихаттағаны және жарнамаланғаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-1-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді.



