Новости

Есірткіге қарсы ақпараттық жадынамалар таратылды

Шымкент қаласының полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері және еріктілер Шымкент қаласындағы «Арбат» демалыс аумағында тұрғындарға нашақорлықтың алдын-алу, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру мақсатында “Есірткіге жол жоқ!” акциясын өткізді.

Іс-шара барысында азаматтарға 1000-ға жуық ақпараттық жадынамалар таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Шымкенттегі «Арбат» демалыс аймағында Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының және «Жастар ресурстық орталығы» мамандарының ұйымдастыруымен концерттік іс-шара өтті. Салтанатты жиынға, қала тұрғындары мен қонақтары, Психикалық денсаулық орталығының дәрігерлері, Жастар ресурстық орталығының мамандары, әкімдік қызметкерлері мен Полиция департаментінен келген тәртіп сақшылары қатысты.

— Есірткі қылмысына қарсы күресті тек айлық іс-шаралар шеңберінде ғана өткізумен шектелмейміз. Біз, тәртіп сақшылары аталған қылмыстың алдын алу және оның жолын кесу бағытында үздіксіз еңбек етеміз. Өйткені ұлт саулығына барлығымыз теңдей жауаптымыз,- деді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Бауыржан Карбеков.

Сондай-ақ, тәртіп сақшылары мен «Аманат» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен Шымкент қаласында «Есірткіге жол жоқ!» акциясы өткізілді. Оған құқық қорғау қызметі және партия өкілдері, жастар мен еріктілер жұмылдырылды. Аталған акция аясында олар бірлесе отырып есірткі заттары насихатталған және жарнамаланған орындарды анықтап, оларды жою жұмыстарын жүргізді. Соның ішінде, қала аумағындағы ғимараттар мен үй-жайлардың сыртқы қабырғасына есірткімен байланысты заттардың қысқаша атаулары, олар насихатталған интернет сілтемелердің немесе әлеуметтік желі парақшалары мен каналдардың атаулары жазылған мекенжайларды анықтап, арнайы бояулармен өшірді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button