Мегаполис полицейлері қайырымдылық шараларын тұрақты түрде өткізіп тұрады

Мегаполис полицейлері қайырымдылық шараларын тұрақты түрде өткізіп тұрады. Бұның бір көрінісі Шымкент полицейлері аз қамтылған отбасылардың балаларына ұмытылмас мереке ұйымдастырды. Тұран ауданы полиция басқармасының қызметкерлері көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларын ойын-сауық орталығына апарып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Аттракциондар, батуттар, кинотеатр және басқа да ойын алаңдары балаларды керемет әсерге бөледі. 7 жастан 11 жасқа дейінгі он бес бала аниматорлармен және полиция қызметкерлерімен бірге ән айтып, би билеп, қызықты шоу-бағдарламаларды тамашалады. Ұмытылмас ойын-сауықтан кейін балалар үшін түскі ас ұйымдастырылды.
Полиция майоры Раушан Кертаева: «Уақытты дәл бүгінгідей өткізуге әр баланың мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан әріптестермен бірге оларға жақсы естеліктер сыйлауды ұйғардық» – деп, бөлісті.
Сонымен қатар, Шымкенттік полицейлер «Үш бұлақ» балаларды сауықтыру орталығына барып, балалармен есірткіге қарсы науқан өткізді. Бүгінде бұл орталықта қаламыздың 2 бірдей балалар үйінің тәрбиеленушілері мен өзге де мектеп оқушылары демалуда. Іс-шараға қатысқан Шымкент қаласының полиция департаментінен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков, балаларға есірткі немесе басқа да психоактивті заттардың қауіптілігін, оның денсаулыққа алып келер зардабын түсіндіріп, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын жеткізді.
Кездесу барысында балалардың ақпаратты толық игеруін қамтамасыз ету мақсатында, «Біз әдемі, бақытты өмірді таңдаймыз» тақырыбында зияткерлік ойындар өткізілді. Оның соңы спорттық іс-шаралармен жалғасып, естелікке суретке түсумен аяқталды.
Есірткі бизнесімен және нашақорлықпен күрес жүргізу тек қана құқық қорғау органдарының ісі деп қаралмауы керек, ол жалпы халықтың міндеті болып саналуы тиіс. Нашақорлықтың алдын алу үшін бұл іске барлық мемлекеттік органдарын, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдарын белсенді тарту – онымен күрестің алғы шарттарының бірі.



