Жезқазған кен орны маңында геофизикалық зерттеу жұмыстары басталды

«Қазақмыс» корпорациясы минералдық-шикізат базасын кеңейту және жұмыс істеп тұрған өндірістік нысандардағы қорларды ұлғайту бағдарламасы аясында Жезқазған кенді ауданында және оған іргелес аумақтарда ауқымды геофизикалық зерттеу жұмыстарын бастады.
Жобаны іске асыруды «Qazaq Geophysics» компаниясы жүзеге асыруда. Зерттеу шеңберінде мамандар жұмыс істеп тұрған тау-кен нысандарының қапталдары мен терең қабаттарында орналасқан үш телімде геоэлектрлік зондтау әдісін қолдана отырып, электрлік барлау жұмыстарын жүргізуде. Бұл әдіс жақын маңдағы өрістердің құрылымын анықтауға мүмкіндік береді.
Зерттеудің негізгі мақсаты – геоэлектрлік қиманы зерттеу арқылы басты геоэлектрлік қабаттардың тереңдігін, қалыңдығын және құрылымдық ерекшеліктерін анықтау. Жоспарланған зерттеу көлемі 30 жүгіртпе шақырымнан асады.
Аталған геофизикалық зерттеулердің нәтижесі болашақта геологиялық барлау жұмыстарын жалғастыру немесе жаңа учаскелерді игеру бойынша стратегиялық шешімдер қабылдауға негіз болады.