Новости

Абай өңіріндегі оң өзгерістер: әкім жұмысы халық қолдауында

2025 жылы 17 ақпанда өңір басшылығына Мемлекет басшысының жарлығымен Берік Уәлиұлы Абай облысының әкімі лауазымына тағайындалды. Қызметке кіріскелі тұп-тура 9 ай уақыт болыпты. Осы уақыт ішінде әлі күнге дейін сұхбат бермеген еді. Бұл оның БАҚ үшін жабық екенін білдірмейді. Керісінше, белгілі бір шаруаның нәтижесі көрінбей тұрып, жеке PR үшін сұхбат бергісі келмейтін принцип ұстанатынын аңғартады. Ал 11 қараша күні Президент Әкімшілігінің бекіткен кестесіне сәйкес, Орталық коммуникациялар қызметінде Берік Уәлиұлы алғаш рет өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кең көлемді брифинг өткізді.

Облысқа келгелі аз уақыт десек, нәтижелі жұмыстар бар, біраз уақыт өтті десек, алда тұрған жоспарлар әлі жеткілікті. Естеріңізде болса, облысқа жаңа әкім тағайындалған сәтте әлеуметтік желіде қызу талқылау жүрді. Бірі «БАҚ саласында жүрген адам қалай облыс басқарады», — деген екіұдай ой үстінде болса, енді бірі,  «Өте мықты азамат, қуаныштымыз», — деп жарыса жазды. Әрине жұмысқа баға беретін де, сынайтын да халық.  Оң өзгерістер бар ма, жоқ па? Осыған орай Abaylife.kz редакциясының тілшілері тұрғындар арасында сауалнама жүргізді.

Жүргізілген блиц-сауалнама нәтижесіне сәйкес, тұрғындардың 72%-ы әкімнің жұмысына оң баға берсе, 18%-ы «Жаңа әкім келгелі, өзгеріс байқалады», — деп бағалаған. Ал қалған 10% респондент түйткілді мәселелерді қозғап, арыз-шағымдарын жеткізді.

Осыған дейін жылдар бойы облыс орталығында қоқыстың уақытылы шығарылмауы өзекті сұрақтардың бірі болатын. Жергілікті жұрт бүгінде қоқыс көлемі азайып, «Семей — таза қала», — деп ауыз толтырып айта аламыз дейді. Балаларға арналған ойын алаңдары мен демалыс орындарының ашылуы тұрғындардың көңілінен шыққан. Әсіресе, жуықта ғана салынған саябақ қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын жандандырып, бос уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік берді дейді тұрғындар.

Халық арасында сын пікірлерін айтқандар да бар. Көпшілік қаланың инфрақұрылымдық дамуына қатысты сөз қозғады. Нақтыласақ, жолдардың сапасы мен көпірлердің қайта жаңғыртылуы. Халық  қордаланып қалған мәселелерді аз уақытта шешу мүмкін емес екенін алға тартты. Облыстың басқа өңірлерге қарағанда инфрақұрылымы тұралап қалғаны бәріне белгілі еді. Сондықтан, жол мәселесі басты назарда болса, жол сайрап тұрса деген тілек бар дейді жұрт. Сондай-ақ, шаһардағы автопарктердің жұмысын жандандыру ұсынылды. Өйткені жұрт, қоғамдық көліктердің уақытылы жүрмейтінін, шеткері аудандарға қатынайтын бағыт қосу керегін айтты. Сауалнама барысында қаланы жарықтандыру мәселесі де көтерілді: кей көшелер мен саябақтарда жарық жеткіліксіз, ал кей көшелерде тіпті де жоқ. Халық жарықтандыру мәселесінің түбегейлі шешілгенін қалайтынын байқадық.

Қорытындыласақ, аймақ басшысы Берік Уәлиұлының қызметіне халық өз бағасын берді. Пайыздық мөлшерде қарайтын болсақ, халықтың көпшілігі риза. Осыған дейін шешілмейтіндей көрінген мәселелер, оң шешім тауып келеді. Үш айдан соң, әкімнің тағайындалғанына бір жыл болады. Сол уақытқа дейін халық көтерген мәселелер жүйелі және оң шешімін табады деген сенімдеміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button