Жезқазғанда Президент Жолдауын іске асыру бойынша қоғамдық талқылау өтті

Бүгін, Жезқазған қаласының ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Президент Жолдауын іске асыру – әр азаматтың ортақ үлесі» тақырыбында қоғамдық талқылау өтті. Іс-шараға үкіметтік емес ұйымдар, Аналар және Ардагерлер кеңесі, жастар өкілдері және қаладағы қоғам белсенділері қатысты.
Талқылау барысында қатысушылар Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген негізгі бағыттарға тоқталып, оның ішінде жасанды интеллектті дамыту және заң мен тәртіпті нығайту мәселелерін жан-жақты қарастырды. Жасанды интеллектке қатысты мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, білім мен медицина сапасын арттыру, қауіпсіздік жүйесін жетілдіру және кадр даярлау қажеттілігі атап өтілді.
Заң мен тәртіп бағыты бойынша құқықтық мәдениетті арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және азаматтардың жауапкершілігін арттыру мәселелері талқыланды. Аналар кеңесі отбасы тәрбиесінің рөлін, Ардагерлер кеңесі қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты сақтау маңызын ерекше атап өтті. Сонымен бірге, қатысушылар қоғамдағы құқықтық сауаттылықты көтеру, мемлекеттік органдардың ашықтығын кеңейту және азаматтар мен билік арасындағы өзара түсіністі нығайту қажеттілігіне тоқталды.
Жиын қорытындысында қатысушылар Президент Жолдауының міндеттерін орындау – тек мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, барша азаматтың ортақ жауапкершілігі екеніне тоқталды. Олар Жолдауда көтерілген бастамаларды іске асыру елдің саяси-әлеуметтік тұрақтылығын сақтап, экономикалық дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдірді. Қоғам өкілдері мұндай пікірталастар халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейтуге, мемлекеттік саясаттың мәні мен мақсатын кеңінен жеткізуге ықпал ететінін атап өтті.


