Новости

Ұлытау аудандық балалар кітапханасында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай “Ана – өмірдің шуағы” атты мерекелік кеш жоғары деңгейде аталып өтті.

Анаға деген құрмет пен шексіз алғысты арқау еткен әсерлі кешке жиналған көрермендер жылы лебіз бен көтеріңкі көңіл күйге бөленді. Шара барысында Ұлытау ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Н. Жолаушыұлы аналарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

 

Кеш шымылдығын кітапханамыздың тұрақты оқырмандары Сүйінбаевтар отбасы “Ананың ақ жаулығы” әнімен ашты. Оспанбек Бейбарыс “Аяулы анашым” әнін орындап, аналарға деген балалық махаббатын жүрекпен жеткізді. 2-сыныптың ұлдары ұлттық нақыштағы “Қаражорға” биін билеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Айтбек Нұрислам мен Бақытжан Ақсұлтан “Асыл анам” әнін орындап, кештің көркін аша түсті.

“Өрнек” биімен қыздарымыз сахна сәнін кіргізсе, 3-сынып оқушылары “16 қыз” әнін әуелете шырқап, көпшілікті тәнті етті. Кітапханамыздың белсенді оқырмандары анаға арнаған жүрекжарды өлең жолдарын оқып, мейірім мен махаббатқа толы сезімдерін білдірді. Кішкентай бүлдіршіндер “Әжетай” әнін орындап, ал ұлдарымыз “Джентльмен” биімен кешті көріктендірді.

 

Бұл мерекелік кеш – анаға деген құрметтің, ұлттық өнер мен тәрбиенің үйлесім тапқан жарқын көрінісі болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button