Новости

Погон артындағы өмір: балалар көзқарасымен

Түркістан облысы Полиция департаментінде инспектор-психологтардың ұйымдастыруымен қызметкерлердің отбасыларын қолдауға және ішкі моральдық-психологиялық ахуалды нығайтуға бағытталған «Ашық есік күні» өткізілді. Бұл іс-шара полиция қызметкерлерінің отбасылық құндылықтарын нығайтып, олардың балаларын ата-аналарының қызметтік өмірімен жақынырақ таныстыруды мақсат етті.

Шара аясында полиция қызметкерлерінің ұл-қыздарымен арнайы кездесу ұйымдастырылып, оларға ішкі істер органдарының күнделікті қызметі, тәртіп сақшыларының міндеттері мен жауапкершілігі туралы жан-жақты ақпарат берілді. Кездесуде сөз алған Арнайы және кәсіби даярлық басқармасының бастығы Ерлан Шамшат полиция қызметінің қоғам үшін маңызын ерекше атап өтті.

Ол өз сөзінде полиция қызметі – жоғары жауапкершілікті талап ететін, тәулік бойы тынымсыз атқарылатын күрделі мамандық екенін атап өтіп, мұндай қызметте отбасының қолдауы ерекше рөл атқаратынын жеткізді. Сонымен қатар ол бүгінгі шараның негізгі мақсаты – полиция мен оның отбасы арасындағы байланысты нығайту, жас ұрпаққа ата-анасының еңбегін түсіндіру екенін айтты.

– Бүгін сіздер ата-аналарыңыздың қызметтік өмірімен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болдыңыздар. Олардың күнделікті атқарып жүрген еңбегі қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді. Сіздердің қолдауларыңыз олардың рухын көтеріп, қызметіне деген жауапкершілігін одан әрі арттырады, – деді ол.

Іс-шара барысында қонақтарға саптық алаңда оқу-жаттығу взводы мен арнайы жасақ бөлімшелерінің қызметтік техникалары, қару-жарақ үлгілері және арнайы нысанды киімдер таныстырылды. Балаларға әрбір техниканың қолданылу мақсаты мен қызметтік міндеттердегі рөлі түсіндіріліп, олардың жұмыс істеу тәртібі егжей-тегжейлі көрсетілді.

Сонымен қатар қызметтік автокөліктер мен бейнебақылау жүйелерінің жұмысы таныстырылып, олардың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызы туралы кеңінен ақпарат берілді. Балалар полиция қызметінің қаншалықты жауапты әрі күрделі екенін көзбен көріп, терең түсінуге мүмкіндік алды.

Шара барысында қатысушылар арнайы бөлімшелердің қызметімен танысып қана қоймай, полиция қызметкерлерінің жұмыс күнінің ерекшеліктері туралы да сұрақтар қойып, толыққанды жауаптар алды. Бұл өз кезегінде балалардың қызығушылығын арттырып, құқық қорғау саласына деген құрметін күшейтті.

Іс-шараға қатысқан отбасы мүшелері полиция қызметкерлерінің күнделікті атқарып жүрген еңбегінің маңыздылығын тереңірек түсініп, өз жақындарының кәсібіне деген мақтаныш сезімі мен құрметі артқанын жеткізді. Мұндай кездесулер отбасылық байланысты нығайтып қана қоймай, қызметкерлердің моральдық-психологиялық тұрақтылығын арттыруға да оң әсер етеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button