Новости

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЗСУ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛУДЕ

Қазақстан Республикасы су секторын реформалау бағытында стратегиялық жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалып, бұл бағыттағы жұмыстар еліміздің барлық өңірлерінде кезең-кезеңімен және жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл өз кезегінде өңірлердің әлеуметтік тұрақтылығы мен тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға тікелей ықпал ететін маңызды міндеттердің бірі болып отыр.

Осыған орай, Түркістан облысында аталған бағыттағы кешенді жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тұрақты бақылауына алынған. Бүгінде облыстың аудан және қала әкімдіктері деңгейінде ауызсу инфрақұрылымын дамыту, инженерлік желілерді жаңғырту, тозған құбырларды ауыстыру және су жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету бағытында ауқымды шаралар атқарылуда. Сонымен қатар, елді мекендердегі ауызсуға қолжетімділікті арттыру және су сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мәселелеріне ерекше назар аударылуда.

Аталған міндеттерді тиімді іске асыру және саланың заманауи талаптарға сай дамуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы мен Израиль мемлекеті арасындағы өзара ынтымақтастық нығайтылуда. Су ресурстарын басқару саласында үлкен тәжірибесі бар Израильдің ұлттық су компаниясы «Mekorot» басшылығы мен мамандары Түркістан облысына арнайы жұмыс сапарымен келіп, Ордабасы ауданындағы ауызсу жүйелерінің ағымдағы жай-күйін зерделеу жұмыстарын бастады.

Сапар барысында аудан аумағында ауызсу саласына жауапты «Таза су» мекемесінің басшылығымен және салалық мамандармен жұмыс кездесуі өткізілді. Кездесу кезінде қолданыстағы су жүйелерінің техникалық жағдайы, инфрақұрылымдағы өзекті мәселелер, су шығындарының себептері және оларды азайту жолдары жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ жүйелерді цифрландыру, автоматтандыру және басқару тиімділігін арттыру бағытында нақты ұсыныстар мен халықаралық тәжірибелер қарастырылды.

Бұдан бөлек, тараптар су ресурстарын үнемдеу технологияларын енгізу, инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғырту және ауылдық елді мекендерде су жүйелерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше тоқталды. Мұндай шаралар өңірдегі су тапшылығы тәуекелдерін төмендетуге және инженерлік инфрақұрылымның ұзақ мерзімді тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді

Айта кету керек, бұл бастамалар инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылуда. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндай жүйелі әрі кешенді шаралар су ресурстарын тиімді басқаруға, шығындарды азайтуға және ұзақ мерзімді су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жол ашады

Жалпы алғанда, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар өңірде заманауи, тұрақты және тиімді ауызсу жүйесін қалыптастыруға бағытталған

Басқа жаңалықтар

Back to top button