ҚЫЗЫЛОРДАДА ЕЛІМІЗДЕГІ ҮШІНШІ ПРЕЗИДЕНТТІК КІТАПХАНАНЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

Бүгін Ұлттық кітап күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, кәсіпкер- меценат Эдуард Огай, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, , құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен еліміздегі үшінші Президенттік кітапхананың іргетасын қалау рәсімі өтті.
Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты 23 сәуір – Ұлттық кітап күнімен, кітапханашылардың кәсіби мерекесімен және жаңа кітапхана құрылысының басталуымен құттықтады.
«Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшымыз өткен жылы аймағымызға жұмыс сапарымен келгенде Астана мен Алматы қалаларындағыдай тәулік бойы қызмет көрсететін үшінші Президенттік кітапхананың Қызылорда қаласында ашылатынын жеткізген болатын. Жерлестеріміз бұл бастаманы зор қуанышпен қабылдады.
Бүгін Өздеріңізбен бірге аймағымыз үшін маңызды жобалардың бірі – білім мен мәдениеттің алтын діңгегіне айналатын Президенттік кітапхананың капсуласын салу рәсімінде бас қостық.
Маңызды жобаны жүзеге асыруға демеушілік көрсеткен елімізге белгілі кәсіпкер-меценат Огай Эдуард Викторовичке барша Сыр жұртшылығының атынан шынайы алғысымды,
зор ризашылығымды білдіремін.
Демеушілікпен 20 млрд. теңгеге салынатын, аумағы
13 мың шаршы метр, сәулетті, жаңа кітапхана заманауи талаптарға сай болады. Ғимаратта оқу, конференц, басылым, архив пен сирек қорға арналған залдар, электрондық кітапхана, әлем әдебиеті бөлімі мен өнер галереялары, көрме, коворкинг орталықтары, қалпына келтіру шеберханасы қарастырылған.
Бұл – халықтың рухани дамуына, кітап оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған Президентіміздің қолдауы.
Жаңа нысан тек кітаптар жиналған жер емес, ұлтымыздың тарихын, мәдениеті мен өркениетін дәріптейтін, жерлестеріміздің рухани тынысын ашатын тәрбие мен тағылым үйі болмақ! Жаңа кітапхананың құрылысы сәтті аяқталып, ел игілігіне қызмет етіп, ұлт руханияты мен білімінің өркендеуіне үлес қосуына тілектеспін», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Рәсімде Эдуард Викторович, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Шәкизада Әбдікәрімов сөз сөйледі.
Айта кету керек, 2022 жылдан бері өңірде 22 мәдениет нысаны жаңадан салынып, ел игілігіне берілді. Барлық ауданда «Руханият орталықтары» ашылды. Облыстың бас шаһарында «Өнер орталығы», «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», «Оқушылар сарайы» бой көтерді.
Былтыр Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толуына орай облыстық тарихи-өлкетану музейінің, Ассамблеяның 30 жылдығына орай «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының қолдауымен «Достық үйінің» жаңа ғимараты салынды.
Кейінгі жылдары «Сыр жұлдыздары» академиясы, Жалағаш, Жаңақорған, Шиелі аудандарында «Өнер мектебі» мен «Оқушылар үйі» іске қосылды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі



