Сырдария ауданында жүгері дақылын терең өңдеу зауытының құрылысы басталды

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың, облыстық мәслихат депутаттарының, зиялы қауым өкілдері мен ел ағаларының қатысуымен Сырдария ауданында жүгері дақылын терең өңдеу зауытының іргетасын қалау рәсімі өтті. Бұл жоба өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.
Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты жаңа жобаның басталуымен құттықтап, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталды.
«Президентіміз айқындап берген экономиканы әртараптандыру және өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттер аясында аймағымызда нақты жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Өткен жылы тамыз айында Жетісу өңіріне арнайы жұмыс сапарымен барып, еліміздегі ірі өндіріс орындарының бірі – «Жаркент крахмал-сірне зауытының» жұмысымен жан-жақты таныстық. Сол кездесулер мен келіссөздердің нәтижесінде серіктестіктің қолдауымен облысымызда жүгері дақылын терең өңдейтін жаңа зауыт салу жөнінде маңызды келісімге қол жеткізілді.
Бүгін біз Сырдария ауданы үшін ғана емес, жалпы өңіріміз үшін де тарихи мәні бар сәттің куәсі болып отырмыз. Жылына 150 мың тонна жүгері дақылын терең өңдейтін, құны 40 млрд теңгені құрайтын жаңа өндіріс орнының іргетасы қалануда. Зауыт заманауи технологиялармен жабдықталып, халықаралық талаптарға сай жұмыс істейді және 550 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Сондай-ақ аймақ басшысы биылдан бастап жүгері егісінің көлемі 15 мың гектарға дейін ұлғайтылатынын, ал алдағы жылдары бұл көрсеткіштің кезең-кезеңімен арта түсетінін атап өтті. Бұл өз кезегінде өңірдің аграрлық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Терең өңдеуге бағытталған жүгері өндірісін дамытатын шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау шаралары көрсетілетін болады.
Жобаны жүзеге асыруға атсалысқан инвесторларға алғыс білдірген облыс әкімі оның өңір экономикасына серпін беріп, ауыл шаруашылығы саласының дамуына айтарлықтай үлес қосатынына сенім білдірді.
Рәсім барысында мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов сөз сөйлеп, жаңа бастамаға батасын берді.
Айта кету керек, 2022–2025 жылдар аралығында аграрлық саланы қолдауға мемлекет тарапынан 92,4 млрд теңге бөлінді. Биыл осы мақсаттарға 34 млрд 800 млн теңге қарастырылған. Сонымен қатар шаруашылықтар есебінен 58 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған.
Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 11 млрд 600 млн теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба іске асырылып, саланың негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 74 пайызға артты.
2026–2028 жылдарға арналған инвестициялық жобалардың жол картасы әзірленіп, оған жалпы құны 138 млрд 200 млн теңгені құрайтын 17 жоба енгізілді. Жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі жыл сайын тұрақты өсім көрсетіп келеді.
Мәселен, өткен жылы бұл көрсеткіш 233 млрд 450 млн теңгені құраса, биыл оны 240 млрд 400 млн теңгеге жеткізу жоспарланған.



