Новости

Ұлытауда есірткіге қарсы жасөспірімдер үн қосты: үздік бейнероликтер мен суреттер анықталды

Ұлытау облысы полиция департаментінің ұйымдастыруыменжасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды шара өтті. «Менің таңдауым – есірткісіз өмір» тақырыбында ұйымдастырылған бейнероликтер мен сурет байқауларының қорытындысы шығарылып, үздік қатысушылар марапатталды.

Аталған байқаулардың басты ерекшелігі – жасөспірімдердің өз көзқарасын шығармашылық арқылы жеткізуі. Қатысушылар есірткінің зияны, қоғамға тигізетін қауіпі және дұрыс өмірлік таңдау туралы ойларын бейне және сурет форматында ұсынды.

Байқауға өңірдің түрлі қала-аудандарынан жүзге жуық оқушы қатысып, жоғары деңгейдегі жұмыстар ұсынды. Қазылар алқасы жұмыстардың мазмұнына, креативтілігіне және әлеуметтік маңыздылығына ерекше мән берді.

Нәтижесінде, бейнероликтер байқауы бойынша бас жүлдені Жезқазған қаласының №8 гимназиясының оқушысы Жорабек Биболат иеленді. Бірінші орын Сәтбаев қаласындағы №16 мектептің оқушысы Ақзере Мұратбекқызына бұйырды. Ал екінші орынды Жезқазған қаласының №8 гимназиясының оқушысы Дінмұхамед Дана жеңіп алды. Үшінші орын Жезқазған қаласы №1 мектебінің оқушысы Ахмедияр Даниярұлы мен Ұлытау ауданы №2 мектептің оқушысы Інжу Баташқа берілді.

Сонымен қатар, сурет байқауында да үздіктер анықталды. Бас жүлдені Жезқазған қаласының №133 мектебінің оқушысы Жақыпова Айжаным жеңіп алды. Бірінші орын Жаңаарқа ауданынан Тәңірберген Аянат табысталды. Екінші орын Аманжол Асылхан мен Жұмекенова Әлияға бұйырса, үшінші орынды Мұханбетай Медина, Аманжолова Раяна және Айтжан Жания иеленді.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімін Департамент бастығының орынбасары Алмаз Саламатов өткізіп, қатысушылардың белсенділігі мен шығармашылығына жоғары баға берді.

Мамандардың айтуынша, мұндай форматтағы байқаулар жасөспірімдер арасында есірткіге қарсы тұрақты көзқарас қалыптастыруда тиімді құралға айналып келеді. Себебі, жастар дайын ақпаратты қабылдаушы ғана емес, қоғамға әсер ететін белсенді қатысушы ретінде көрінеді.

Осындай бастамалар арқылы өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт беріліп, «есірткісіз өмір» қағидасы нақты әрекетпен нығая түсуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button