Новости

Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту: полицияға 100 жаңа автокөлік табысталды

Бүгін Қызылорда қаласының сол жағалауындағы «Қайсар Арена» стадионында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың және құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен облыстық полиция департаментіне 100 жаңа арнайы автокөліктің кілті табысталды. Бұл бастама өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге және азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.

Салтанатты іс-шара барысында облыс әкімі аймақта әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, сондай-ақ «Қауіпсіз қоғам» қағидаттарын жүйелі түрде іске асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Өңірде құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері әрдайым басты назарда екені атап өтілді.

«Мемлекет басшысы «Біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның, әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз», – деп нақты міндеттерді белгілеген болатын. Бұл қағидаттар өңірде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді», – деді облыс әкімі.

Қазақстан полициясы – қоғамдық тәртіп пен заңның үстемдігін қамтамасыз ететін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын негізгі құрылымдардың бірі. Құқық қорғау органдарының тиімді қызметі қоғамда «нөлдік төзімділік» мәдениетін қалыптастырып, кез келген құқық бұзушылыққа қарсы тұруға негіз болады. Елдегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтау жолында полиция қызметкерлері өз міндеттерін жоғары жауапкершілікпен атқарып келеді.

Соңғы төрт жылда облыстың полиция органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 17 млрд 805 млн теңге бөлініп, оның ішінде арнайы автокөліктермен қамтамасыз етуге 4 млрд 282 млн теңге бағытталды. Нәтижесінде заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған 128 жаңа автокөлік пайдалануға берілді.

Бүгін табысталған жаңа автокөліктер де құқық қорғау органдарының жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырып, қызмет тиімділігін жаңа деңгейге көтереді деп күтілуде. «Бұл көліктер тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, құқық бұзушылықтардың алдын алуда және қоғамдық тәртіпті сақтауда маңызды рөл атқарады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Тәртіп сақшыларына берілген автокөліктер заманауи байланыс жүйесімен, бейнетіркеу құрылғыларымен, навигациялық бағыттау тетіктерімен, арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталған. Бұл өз кезегінде полиция қызметкерлерінің жеделдігін арттырып қана қоймай, қызметтің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, өңірде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларға жедел әрекет ету бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары төтенше жағдайлар құрылымдарына 14 өрт сөндіру автокөлігі мен 8 арнайы техника сатып алынды. Биыл қосымша 20 өрт сөндіру автокөлігін алу бастамасы облыстық мәслихат тарапынан қолдау тауып, қазіргі таңда келісімшарт рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

Халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында медицина саласына да ерекше көңіл бөлінуде. Жергілікті бюджет есебінен барлық елді мекендердегі медициналық мекемелерге 245 санитарлық автокөлік сатып алынып, өңірдің денсаулық сақтау саласының автопаркі толықтай жаңартылды.

Жалпы алғанда, аталған шаралар өңірде қауіпсіз әрі құқықтық мәдениеті жоғары қоғам қалыптастыруға, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған кешенді жұмыстардың нақты көрінісі болып табылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button