Новости

Полиция қызметкерлері 200-ге жуық оқушылармен құқықтық-танымдық кездесу өткізді

 

Түркістан облысында «Қауіпсіз балалық шақ» профилактикалық іс-шарасы аясында Мақтаарал аудандық полиция бөлімі қызметкерлері жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ауқымды құқықтық-танымдық кездесу ұйымдастырды. Іс-шараға аудан мектептерінен 200-ге жуық оқушы қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – жас буын арасында заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру, құқықтық жауапкершілікті түсіндіру және қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздік қағидаларын нығайту болды. Сонымен қатар, мұндай шаралар «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілетуге, «нөлдік төзімділік» саясатын насихаттауға және «Қауіпсіз қоғам» тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған.

Іс-шара барысында Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы Бекбол Жиренбаев оқушыларға құқық бұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын сақтау және әрбір әрекеттің жауапкершілігі туралы жан-жақты түсіндірме берді. Ол жасөспірімдерге күнделікті өмірде кездесуі мүмкін құқықтық жағдайлар, интернет қауіпсіздігі, көшедегі тәртіп және қоғам алдындағы міндеттер туралы нақты мысалдар келтіре отырып әңгімеледі.

Кездесу барысында сондай-ақ ардагер Құнанбай Мұсаев пен қазыналы қария Жасұзақ Сыдықов сөз алып, жастарға өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Олар жас ұрпаққа адал еңбек, тәртіп, үлкенге құрмет және отансүйгіштік қасиеттердің маңызын ерекше атап өтіп, дұрыс бағытта дамудың қоғам үшін де, жеке тұлға үшін де маңызды екенін жеткізді.

Оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауап беріліп, құқықтық нормаларды бұзудың салдары, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік түрлері, сондай-ақ жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттері кеңінен түсіндірілді. Мұндай ашық форматтағы диалог жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін арттыруға және олардың құқық қорғау органдарына деген сенімін нығайтуға ықпал етті.

Кездесу барысында қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылып, мектеп оқушыларына қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау, бөтен адамдармен қарым-қатынаста сақ болу, интернет кеңістігін қауіпсіз пайдалану және зиянды әдеттерден аулақ болу жөнінде профилактикалық кеңестер берілді.

Аталған іс-шара жастардың құқықтық санасын қалыптастыруға, жауапкершілік сезімін күшейтуге, сондай-ақ қоғамда заңдылық пен тәртіпті нығайтуға бағытталған маңызды профилактикалық бастамалардың бірі ретінде бағаланды. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасып, өңірдегі құқықтық мәдениетті дамытуға өз үлесін қоспақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button