Қауіпсіздік пен спорт үндестігі: полиция марафон ұйымдастырды

Бәйдібек ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау мақсатында ауқымды бұқаралық спорттық іс-шара – «Боралдай марафон – 2026» ұйымдастырылды. Іс-шара аудандық полиция бөлімі мен Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бірлескен бастамасымен өткізілді. Сонымен қатар іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі де ұйымдастырушылық және техникалық қолдау көрсетті.
Аталған марафон қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға, «нөлдік төзімділік» саясатын ілгерілетуге, сондай-ақ жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстардың бір бөлігі ретінде ұйымдастырылды. Сонымен қатар шара «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өткізіліп, азаматтардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да үлес қосты.
Іс-шараға Бәйдібек ауданының тұрғындары, жастар, ардагерлер мен спорт сүйер қауым белсенді түрде қатысып, жалпы саны 250-ге жуық адам марафон жолына шықты. Қатысушылардың мұндай жоғары белсенділігі қоғамның салауатты өмір салтына деген қызығушылығының артып келе жатқанын және бірлік пен ұйымшылдықтың нығайып отырғанын көрсетті.
Полиция қызметкерлері тек қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етумен шектелмей, өздері де марафонға белсене қатысып, тұрғындарға үлгі көрсетті. Атап айтқанда, Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғалымжан Құрбаналиевтің бастамасымен 30-дан астам жеке құрам қызметкері спорттық іс-шараға қатысып, азаматтарға салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын іс жүзінде дәлелдеді. Бұл бастама полиция мен халық арасындағы өзара сенімді нығайтуға және ашық диалог орнатуға ықпал етті.
Жарыс 14–18 жас және 18–70 жас аралығындағы қатысушылар арасында өткізіліп, 5 шақырымдық қашықтық бойынша үздік нәтижелер көрсеткен спортшылар анықталды. Әр санат бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапаттарға ие болып, оларға полиция бөлімі тарапынан Алғыс хаттар, кубоктар мен естелік сыйлықтар табысталды. Бұл марапаттау рәсімі қатысушылардың ынтасын арттырып қана қоймай, бұқаралық спортты дамытуға қосымша серпін берді.
Аталған марафон полиция органдарының тек құқық қорғау қызметін ғана емес, сонымен қатар профилактикалық, әлеуметтік және қоғамдық бағыттағы жұмыстарды да жүйелі түрде жүргізіп отырғанының айқын көрінісі болды. Мұндай іс-шаралар азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, қоғамдық тәртіпті сақтауға деген жауапкершілігін күшейтуге және қауіпсіз қоғам қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар мұндай бастамалар жастарды спортқа баулып, зиянды әдеттердің алдын алуға, бос уақытты тиімді ұйымдастыруға және салауатты өмір салтын тұрақты дағды ретінде қалыптастыруға оң әсер етеді. Қоғамның барлық буынын қамтыған бұл марафон әлеуметтік бірлікті нығайтып, тұрғындар арасында өзара қолдау мен сенімді арттырды.
Іс-шараға қатысқан осы ауылдың тумасы, танымал жайдарманшы әрі актер Мақсат Мамраимов ұйымдастыру деңгейіне жоғары баға беріп, мұндай бастамалардың қоғам үшін маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мұндай спорттық әрі әлеуметтік жобалар жастардың дұрыс бағытта дамуына және қоғамдағы оң құндылықтардың қалыптасуына ықпал етеді.
Жалпы алғанда, полиция қызметкерлері алдағы уақытта да осындай профилактикалық, спорттық және қоғамдық іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастыруды жалғастырып, өңірде қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті нығайту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде дамытпақ.



