ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚУАТЫ 300 МВТ КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Түркістан облысында өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыру, инвестициялық тартымдылықты күшейту және «жасыл экономика» қағидаттарын дамыту бағытында ауқымды жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Солардың бірі – жалпы қуаты 300 МВт болатын фотоэлектрлік-энергия сақтау жүйесі бар күн электр станциясының құрылысы.
Аталған жобаның негізгі құрылыс кезеңіне көшуін білдіретін алғашқы партияның қадалы іргетасын құю рәсімі салтанатты түрде өткізілді. Бұл оқиға жобаның нақты іске асыру кезеңіне өткенін және өңірде энергетика саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірінің жүзеге асырылып жатқанын айғақтайды.
Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Қытай Халық Республикасының «China Energy Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Хэ Сюнфэй, сондай-ақ халықаралық инвесторлар, энергетика саласының сарапшылары және жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Өңір басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде «жасыл» экономиканы дамыту, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру жөніндегі стратегиялық бағытына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, мұндай жобалар тек энергетикалық қауіпсіздікті нығайтып қана қоймай, өңірдің ұзақ мерзімді экономикалық дамуына да серпін береді.
– Бұған дейін өткен жылдың желтоқсан айында осы жобаның уақыт капсуласын салу рәсімі өткізілген болатын. Бүгін біз нақты құрылыс жұмыстарының басталу кезеңіне қадам басып отырмыз. Түркістан облысының географиялық және климаттық ерекшеліктері күн энергетикасын дамытуға өте қолайлы. Сондықтан мұндай жобалар өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын әртараптандыруға және инвестициялық тартымдылығын арттыруға үлкен үлес қосады, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Облыс әкімдігі тарапынан бұл жобаны іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетіліп отырғаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі мен салалық министрліктер деңгейінде де қажетті институционалдық сүйемелдеу жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің нақты нәтижесі ретінде бағалануда.
Кездесу барысында «China Energy Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Хэ Сюнфэй бұл жобаның тек энергетикалық емес, сонымен қатар технологиялық және инвестициялық тұрғыдан да маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, күн электр станциясының құрылысы екі ел арасындағы «жасыл энергетика» саласындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін білдіреді.
Сонымен қатар жобаны іске асыруға қатысушы «Qazaq Green Power PLC» жобалық кеңсесінің жетекшісі Асқар Амиртаев және басқа да жауапты мамандар құрылыс жұмыстарының барысы туралы ақпарат беріп, өңір әкімдігі тарапынан көрсетіліп отырған қолдауға алғыс білдірді.
Айта кету қажет, аталған жобаның уақыт капсуласы 2025 жылдың желтоқсан айында салынған болатын. Содан бері дайындық жұмыстары толық аяқталып, жер қазу және инженерлік инфрақұрылым орнату кезеңі жүзеге асырылды. Қазіргі таңда әкімшілік және өндірістік мақсаттағы ғимараттар, соның ішінде кеңсе, жатақхана және қойма нысандары салынған.
Жобаның жалпы инвестициялық құны шамамен 307 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы ірі халықаралық инвестициялық жобалардың бірі болып саналады. Құрылыс кезеңінде шамамен 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Жоба толық іске қосылған жағдайда жыл сайын шамамен 674 миллион киловатт-сағат таза электр энергиясын өндіру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш өңірдің энергетикалық тапшылығын азайтуға, электр энергиясының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және экологиялық жүктемені төмендетуге ықпал етеді.
Сонымен қатар бұл станция Қазақстанның жаңартылатын энергия көздері үлесін арттыру жөніндегі ұлттық стратегиясына сәйкес келіп, елдің «жасыл экономикаға» көшу процесін жеделдетуге үлес қосады.
Жобаны 2027 жылы толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Іске қосылғаннан кейін Түркістан облысы энергетика саласында жаңа деңгейге көтеріліп, өңірдің индустриялық-инновациялық дамуына қосымша серпін бермек.



