ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді

Сапар барысында ол Президент саябағы аумағында бой көтерген 15 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Құны 22 млрд теңгені құрайтын жоба аясында 945 пәтер пайдалануға беріледі. Нысандарды биылғы қазан айында тапсыру жоспарланған.
Бұдан кейін Нұрлыбек Нәлібаев облыс орталығында салынып жатқан «Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешенінің құрылысын көрді. Жалпы құны 20,1 млрд теңгеден асатын, аумағы 26 мың шаршы метр болатын кешенде 50 метрлік жүзу бассейні, 2500 орындық әмбебап спорт залы және 300 орындық конференция залы орналасады.
Қазіргі таңда әрлеу, инженерлік желілерді жүргізу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Құрылыс барысымен танысқан Премьер-министрдің бірінші орынбасары жауапты сала мамандарына барлық жұмысты сапалы атқарып, белгіленген мерзімде аяқтауды, құрылыс сапасын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі



