Новости

ҚҚДИ: Теледебаттар партиялар арасындағы айырмашылықтарды көрсетуге мүмкіндік берді

Институт басшысы теледебаттардың аудиториясы артқанын айтып, партиялардың сайлауалды бағдарламаларындағы негізгі айырмашылықтарға тоқталды.

 

Сайлауалды теледебаттар саяси партияларға өз бағдарламаларын жан-жақты таныстырып, бір-бірінен негізгі айырмашылықтарын көрсетуге мүмкіндік берді. Бұл туралы «Sarap» сарапшылар клубының отырысында Қазақстандық қоғамдық даму институты (ҚҚДИ) басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 

Қазақстанда 23 шілдеден бастап сайлауалды үгіт-насихат кезеңі өтіп жатыр. Саяси партиялар алдағы бес жылда басшылыққа алатын бағдарламаларын таныстырды.

 

Жұлдызай Ысқақованың айтуынша, партиялардың барлық бағдарламасын егжей-тегжейлі зерделеу тіпті сарапшылардың өзіне де көп уақытты қажет етеді. Себебі бағдарламалар көлемі мен мазмұны жағынан бір-бірінен ерекшеленеді.

 

Ол биылғы сайлау науқанының ерекшеліктерінің бірі ретінде саяси партиялардың қоғаммен байланысының жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Ұлттық деңгейде барлығы төрт теледебат өткізу жоспарланған. Оның үшеуі өтіп қойды. Ал саяси партиялар көшбасшылары қатысатын соңғы дебат 19 тамызда өтеді.

 

Шын мәнінде, дебаттар өте ашық өтті. Партиялар өз бағдарламаларын жан-жақты талқылап, бір-бірімен пікірталасқа түсті. Ең қуантатыны – олардың бір-бірінен несімен ерекшеленетінін нақты көрсете алды. Себебі қоғамда партиялардың бәрі бір-біріне ұқсас, айырмашылығы неде екені түсініксіз, барлығы бір мәселе туралы айтады деген пікір бар. Ал іс жүзінде партиялардың арасында принципті айырмашылықтар бар, – деді Жұлдызай Ысқақова.

Оның айтуынша, теледебаттарға көрермендердің қызығушылығы да айтарлықтай артқан. Қазақстандық қоғамдық даму институты ұлттық деңгейдегі екі дебатқа қатысып, кандидаттардың сөздеріне аудиторияның көзқарасын зерттеген.

 

Ысқақованың мәліметінше, алғашқы теледебат кезінде дауыс беруге шамамен 21 мың көрермен қатысса, соңғы дебатта бұл көрсеткіш 165 мың дауысқа жеткен.

 

Бұл – шын мәнінде өте үлкен қамту көрсеткіші. Біз жүргізген әлеуметтік зерттеулерде сайлау науқаны туралы ақпаратты қайдан алатыны туралы сұрақ қойғанда, телевидениенің рөлі 10%-ға артқанын көріп отырмыз. Дегенмен 65% адам үшін негізгі ақпарат көзі әлеуметтік желілер екенін айтты, – деді ол.

ҚҚДИ басқарма төрағасы сайлауалды бағдарламаларда адами капитал тақырыбына да айтарлықтай көңіл бөлінгеніне тоқталды. Оның бағалауынша, бұл бағытқа конституциялық өзгерістер аясында партиялар ерекше назар аударған.

 

Сондай-ақ Ысқақова сайлау науқаны кезіндегі әлеуметтік зерттеулердің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, сайлауалды сауалнамаларды белгіленген талаптарға сәйкес келетін ұйымдар ғана жүргізе алады.

 

Бүгінде мұндай зерттеулер жүргізуге алты ұйым тіркелген. Олардың қатарында Қазақстандық қоғамдық даму институты да бар. Зерттеу орталықтары әртүрлі әдістерді қолданады. Олардың арасында face-to-face форматындағы сұхбаттардан бастап телефон арқылы сауалнама жүргізуге дейінгі тәсілдер бар. Кейбір ұйымдар дауыс беру күні экзитпол өткізуді жоспарлап отыр.

 

Ысқақова бұқаралық ақпарат құралдары үшін кәсіби сарапшылардың пікіріне сұраныс жоғары екенін де атап өтті. Оның айтуынша, мамандардың сапалы түсіндірмелері аудиторияға саяси, әлеуметтік және экономикалық процестердің мазмұнын түсінікті тілде жеткізуге мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button