ҚАЛҚАБАЙ ӘБЕНОВ АТЫНДАҒЫ ЖУРНАЛИСТІК ШЕБЕРЛІК ЗЕРТХАНАСЫ АШЫЛДЫ

Бүгін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Сыр өңірінің белгілі педагогы, журналист, қоғам қайраткері Қалқабай Әбенов атындағы журналистік шеберлік зертханасы ашылды.
Зертхана білім алушылардың журналистика саласындағы теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға, заманауи медиа құралдарымен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруге және шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.
Іс-шараның ашылу салтанатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Наурызбай Байқадамов сөз сөйлеп, жаңа зертхананың жас журналистердің кәсіби біліктілігін арттырудағы маңызын атап өтті.
Іс-шара барысында университеттің стратегиялық дамуына қосқан үлесі үшін Қалқабай Әбеновтің ұлы Қанат Қалқабайұлы Қорқыт ата атындағы «Алтын медальмен» марапатталды.
Салтанатты шарада Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, филология ғылымдарының докторы, профессор Жеңіс Сәдуақасұлы, облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов, Сыр өңірінің көрнекті журналисі, қоғам қайраткері, «Сыр журналистикасы» қорының құрылтайшысы Қожахмет Мырзаев сөз сөйлеп, Қалқабай Әбеновтің журналистикадағы өнегелі жолы мен өңір баспасөзінің дамуына қосқан үлесі туралы естеліктерімен бөлісті.
Журналистік шеберлік зертханасының ашылу салтанатында лента қию рәсімі филология ғылымдарының докторы, профессор Жеңіс Сәдуақасұлы мен Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисті Кенжалы Райымбекұлына берілді.
Жаңадан ашылған зертхананы университеттің «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» ббб аға оқытушысы Асыл Қожабайқызы таныстырды.
Салтанатты шараға облыстағы зиялы қауым өкілдері, ардагер ұстаздар, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, Қалқабай Әбеновтің отбасы мен туған-туыстары, журналистер және білім алушылар қатысты.
Қалқабай Әбенов — ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Сыр өңірінің қоғамдық-саяси, рухани және мәдени өмірінде өзіндік орны бар көрнекті журналист, соғыс ардагері, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, қоғам қайраткері, ұзақ жылдар бойы Қызылорда облыстық «Ленин жолы», қазіргі «Сыр бойы» газетінің редакторы қызметін атқарған.



