Новости

СЫР ӨҢІРІНДЕГІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР KGIR-2026 АЛАҢЫНДА МАРАПАТҚА ИЕ БОЛДЫ

Бүгін Шымкент қаласында IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR-2026) халықаралық инвестициялық форумы өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты.

Әлемнің 40-тан астам елінен 500-ден астам инвестор, бизнес өкілдері жиналған халықаралық іс-шарада Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына және индустриялық әлеуетін арттыруға үлес қосқан «Aksa Energy Qyzylorda» және «Fabe agro» серіктестіктері марапатталды.

Форумда инвестициялық әлеуетті, экономиканы дамытудың басым міндеттеріне назар аударылды. Былтыр еліміздің жалпы ішкі өнімі 6,5 пайыз өсіп, 300 млрд АҚШ долларынан асты. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан экономикасына жарты триллион долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылған.

Инвестициялық саясаттың негізгі бағыты – озық технологияларды енгізу, жаңа өндіріс орындарын ашу және шикізатты терең өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнім өндіру. Сонымен қатар өңдеу және химия өнеркәсібін, тамақ өндірісін, машина жасау саласын, агроөнеркәсіп кешені мен агроөңдеуді дамытуға, IT инфрақұрылымды жетілдіруге, жоғары технологиялық қалалар салуға басымдық беріліп отыр.

Аймақта жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың қатарында «Aksa Energy Qyzylorda» жылу электр орталығы мен «Fabe agro» заманауи жылыжай кешені бар.

Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қызылорда қаласында құрылысына 215 млрд теңге инвестиция салынған жаңа жылу электр орталығы пайдалануға берілді. Орталық 240 мегаватт электр, 277 гигакалория жылу энергиясын өндіреді. Қаланың энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, тұрғындар мен кәсіпорындардың қажеттілігін қамтамасыз етеді.

Ал «Fabe agro» серіктестігінің заманауи жылыжай кешені жобасы агроөнеркәсіп саласын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және су, жер ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған. Жергілікті тұрғындарды жыл бойы сапалы әрі қолжетімді көкөніспен қамтуға, баға тұрақтылығын сақтауға және отандық өнімнің бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал етеді.

KGIR-2026 алаңында жалпы сомасы $4,8 млрд болатын 22 құжат рәсімделді. Олардың қатарында инвестициялар туралы келісімдер мен меморандумдар бар.

Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев пен Apex Packaging бас директоры Аңсар Мұқашев сомасы $8,8 млн болатын полипропилен қаптар мен биг-бэгтер өндіретін зауыт салу туралы меморандумға қол қойды. Жобаны «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асыру жоспарлануда.

Зауыт іске қосылғаннан кейін 160 жаңа жұмыс орны құрылады, жылына 25 млн дана қапшық пен 1,5 млн дана биг-бэг өндіріледі.

@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button