Арзан әрі жылдам: Қазақстан мобильді интернеттің бағасы мен жылдамдығы бойынша көшбасшы елдердің қатарына енді

Қазақстандағы мобильді интернет жылдам байланысы бар елдер арасында қолжетімділігімен ерекшеленеді. Finprom.kz сарапшылары тариф құнын, интернет жылдамдығын және трафик көлемін салыстыра отырып, осындай қорытындыға келді.
Зерттеу авторларының пікірінше, байланыстың қолжетімділігін тек тариф бағасымен бағалау дұрыс емес. Бұл ретте абонентке қанша гигабайт берілетіні және желінің қаншалықты жылдам жұмыс істейтіні де ескерілуі керек.
Бір гигабайттың құны әлемдік орташа көрсеткіштен төмен
Ұлыбританияның Broadband Genie компаниясының мәліметінше, Қазақстандағы тарифтік пакеттерде бір гигабайттың медианалық бағасы шамамен 30 центті құрайды. Бұл абоненттердің нақты шығыны емес, тарифтердегі интернеттің құны екенін атап өткен жөн.
Broadband Genie рейтингісінде Қазақстан 53-орынға тұрақтап, мобильді интернеті ең қолжетімді елдердің алғашқы ширегіне енді.
Әлем бойынша бір гигабайттың орташа бағасы 1,23 АҚШ долларын құрайды. Яғни бұл Қазақстандағы көрсеткіштен төрт еседен астам жоғары.
Интернеті жылдам елдер арасында Қазақстан баға бойынша үздік ондықта
Интернеттің төмен бағасы оның сапасына әрдайым кепіл бола бермейді. Сондықтан сарапшылар байланыс құнын интернет жылдамдығымен салыстырған. Ол үшін Speedtest Global Index рейтингіндегі мобильді интернет жылдамдығы бойынша алғашқы 55 ел қарастырылған.
Олардың арасында Қазақстан интернет бағасының қолжетімділігі бойынша жетінші орынға ие болды. Елдегі бір айлық интернет пакетінің орташа құны 10,65 АҚШ долларын құрайды.
Ал интернеті жылдам елдер тобында бұл қызметке жұмсалатын орташа шығын Қазақстанмен салыстырғанда 2,5 еседен астам жоғары.
Интернет жылдамдығы Канада мен Италиядан жоғары
Қазақстанда мобильді интернеттің орташа жылдамдығы секундына 93 Мбитті құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз Канада, Италия және Испаниядан озып тұр. Сондай-ақ ЕАЭО және Орталық Азия елдері арасында көш бастап келеді.
Дегенмен интернеті жылдам елдердің өз ішінде Қазақстан рейтингтің төменгі бөлігіне орналасқан. Мәселен, Вьетнам, Грузия және Үндістанда интернет жылдамдығы жоғары әрі қызмет құны да арзан.
Бұған Канаданы мысал етуге болады. Бұл елде интернет жылдамдығы Қазақстаннан төмен болғанымен, бір айлық пакет үшін канадалықтар 5,5 есе көп төлейді.
Жоғары жылдамдықтың құны бірнеше есе қымбат
Интернет жылдамдығы бойынша рейтинг көшбасшылары көбіне байланыс қызметі ең қымбат елдердің қатарына жатады. Мысалы, БАӘ, Катар және Кувейтте бір айлық интернет пакетінің құны 58,8 доллардан басталып, 80 доллардан асады.
Кувейтте мобильді интернет Қазақстанмен салыстырғанда 7,5 еседен астам қымбат. Ал интернеті ең арзан елдердің көпшілігі Speedtest рейтингінде жылдамдығы бойынша мүлде көрінбейді.
Зерттеу авторлары интернет бағасы мен сапасының арақатынасын пойыз билетімен салыстырады. Баяу пойызға арзан билет алу тиімді көрінгенімен, сапар уақыты ұзақ болады. Ал жүрдек пойыздың бизнес-класс бағасындағы билеті кез келген адамның қалтасы көтере бермейді.
Қазақстандықтар интернетті әлемдік орташа деңгейден көп тұтынады
Халықаралық электр байланысы одағының мәліметінше, өткен жылы Қазақстанда бір мобильді жазылымға шаққандағы интернет трафигі 283 ГБ болған.
Әлемдік орташа көрсеткіш – 184 ГБ. Демек, қазақстандық абоненттер интернетті әлемдік орташа деңгейден шамамен 1,5 есе көп пайдаланады.
Айлық есеппен алғанда, бір жазылымға 23,6 ГБ трафиктен келеді. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан интернетті тұтыну деңгейі ең жоғары өңір саналатын ТМД елдерінің орташа көрсеткішінен де озып тұр.
Желіге түсетін жүктеме артып келеді
Жекелеген операторлардың абоненттері арасында интернет тұтыну көлемі бұдан да жоғары.
Мәселен, биыл Tele2 абоненті айына орта есеппен 40 ГБ интернет пайдаланады.
Kcell және Activ операторларында бірінші жартыжылдықтағы орташа көрсеткіш айына 30,4 ГБ болған.
Ал Beeline желісінде екінші тоқсанда бір пайдаланушыға шаққандағы трафик көлемі айына 22,9 ГБ-ты құрады.
Желі арқылы өтетін интернет трафигі артқан сайын базалық станциялар саны мен желінің өткізу қабілетін де ұлғайту қажеттілігі туындайды.
Операторлар желіні дамытуға жүздеген миллиард теңге инвестициялауда
Соңғы үш жарым жылда Kcell және Activ брендтеріне иелік ететін «Кселл» АҚ-ның күрделі шығындары 411,8 млрд теңгеге жеткен.
Ал Beeline және izi брендтерінің иесі «КаР-Тел» ЖШС осы кезеңде 288,6 млрд теңге инвестиция салған.
Tele2 және Altel операторлары өз шығындары туралы ақпаратты жарияламайды. Дегенмен компания онжылдықтың соңына дейін желіні дамытуға 400 млрд теңгеден астам қаражат салуды жоспарлап отыр.
Салаға салынатын инвестиция көлемі екі еседен астам өсті
Соңғы үш жылда ақпарат және байланыс саласына салынған инвестиция көлемі 1,2 трлн теңгеге жуықтады. Бұл алдыңғы үш жылдағы көрсеткіштен екі еседен астам жоғары.
Инвестиция көлемінің артуына 5G жиіліктеріне арналған лицензиялардың сатып алынуы да әсер етті. Оның құны шамамен 156 млрд теңгені құраған. Алайда бұл шығындарды есептемегеннің өзінде, салаға құйылған инвестиция көлемі екі еседен астам өскен.
Өсім биыл да жалғасып келеді. Қаңтар-қыркүйек айларында саладағы негізгі капиталға салынған инвестициялар 47%-ға артқан.
Байланыс тарифтері инфляциядан баяу қымбаттауда
2020 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы қыркүйекке дейінгі кезеңде абоненттік төлем 58,4%-ға өскен.
Ал осы уақыт аралығында жалпы инфляция 86,8%-ды құрады. Азық-түлік, өнеркәсіп тауарлары мен ақылы қызметтердің бағасы да шамамен осындай деңгейде қымбаттаған.
Дегенмен жекелеген жылдары байланыс тарифтері айтарлықтай өскен. Бұған дейін аталған сарапшылар 2024 жылы ұялы байланыс бағасы 27%-ға қымбаттағанын хабарлаған. Бұл жалпы инфляция деңгейінен үш еседен астам жоғары.
Бір гигабайттың құны арзандап келеді
2020-2025 жылдар аралығында бір жазылымға шаққандағы интернет трафигі 77%-ға артқан. Ал абоненттік төлем бұдан әлдеқайда аз өскен. Соның нәтижесінде пайдаланушылар үшін әр гигабайттың құны төмендеген.
Халықтың табысы да тарифтерге қарағанда жылдам өсіп келеді. Биылғы екінші тоқсанда орташа табыс 410 мың теңгеге жетіп, 2020 жылмен салыстырғанда екі еседен астам артқан.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазақстандықтар жалпы шығындарының 3,4%-ын байланыс қызметтеріне жұмсайды. Бұл үлес соңғы жылдары айтарлықтай өзгермеген.
Алдағы кезеңде не күтіледі?
Сарапшылар желілерді жаңғырту, 5G технологиясын дамыту және интернет трафигінің өсуі қосымша инвестицияларды қажет ететінін ескертеді. Олардың пікірінше, тарифтерді біртіндеп индекстеу байланыстың қолжетімділігі мен сапасын сақтаудың маңызды шарттарының бірі.
Сонымен қатар зерттеу авторлары табысы төмен отбасылар үшін тарифтердің өсуі өзгелерге қарағанда көбірек сезілуі мүмкін екенін де атап өтеді.



