«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» – ҚАУІПСІЗ ӘРІ ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғам өмірінің барлық саласында орнықтыруға ерекше мән берілді.
Заң үстемдігі – мемлекеттің тұрақтылығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басты шарттардың бірі. Қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және әр азаматтың заң алдындағы жауапкершілігін арттыру – ортақ міндет.
Ұлытау облысында осы бағытта жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Өңірде тәулік бойы жұмыс істейтін Жедел басқару орталығы қоғамдық орындар мен жолдардағы қауіпсіздікті бейнебақылау жүйелері арқылы қадағалайды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен 5 248 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Сонымен қатар, орталыққа тұрғындармен кері байланыс орнатуға мүмкіндік беретін «Көршілер бақылауы» Telegram-чаты қосылған.
Құқықтық мәдениетті жас ұрпақтың бойына сіңіру де маңызды. Мәселен, 2026 жылғы қарашада Ұлытау облысында «Заң мен тәртіп – қауіпсіз болашақтың кепілі» атты форум өткізіліп, оған 9–11 сыныптардың шамамен 600 оқушысы қатысты. Іс-шара барысында құқықтық сауаттылық, қоғамдық қауіпсіздік және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, Жезқазған қаласы мен Жезді кентінде жасөспірімдерге құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олардың қауіпсіздігі мен заң талаптарын сақтау мәселелеріне назар аударылуда.
«Заң мен тәртіп» – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Ол әр азаматтың күнделікті өмірдегі тәртібінен, қоғамдық орындардағы мәдениетінен және өзгенің құқығын құрметтеуінен басталады.
Заңды құрметтейтін, жауапкершілікті сезінетін қоғам ғана қауіпсіз әрі тұрақты болашақ қалыптастыра алады.



