Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендерді татуластыру алынып тасталуы мүмкін

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілік күшейтілмек, деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, құқық қорғау органдары әкімшілік іс жүргізуді зардап шегушінің өтінішінсіз де іске асыра алады. Дегенмен отбасылық зорлық-зомбылық көрген әйел, яғни зардап шегуші, көп жағдайда күйеуіне психологиялық, қаржылық жағынан тәуелді болғандықтан мәселені ушықтырғысы келмей, татуласуға келісімін береді.
«Өткен жылы бізге еліміз бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанымын деп жазылған 190 мың өтініш келіп түсті. Соның 4/1 ғана сотқа дейінгі тергеуге жіберілді. Жалпы, зорлық-зомбылыққа қатысты әкімшілік іс жүргізудің 60 пайызы екіжақтың татуласуына байланысты тоқтылады. Осы орайда біз тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алған жағдайда екіжақтың татуласу процесін қайта қарауды қолға алып жатырмыз. Яғни, алдағы уақытта күйеуі тарапынан әйеліне қол көтеру қайталанған жағдайда, татуласуды болдырмау жоспарда бар», – деді Алексей Милюк ҚР ІІМ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында.



