Жезқазғанның тең жартысына жуығы жарықсыз қалды
Жезқазғандағы Kazahmys Energy ЖШС-ның жылу электр орталығында алапат өрт болып, салдарынан қаладағы тұрғын үйлер мен кеңсе ғимараттарының 40 пайызы бірнеше сағат бойы жарықсыз қалды, деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
«Патриот» парақшасында хабарланғандай, төтенше жағдай 7 қараша күні сағат 18:43-те орын алды. Қызыл жалын шарпыған аумақтың көлемі шамамен 100 шаршы метрді құрады.
Электр цехтың сым қабатындағы жарамсыз шамдар, жоғары вольтты басқару кабельдері және бес блок терезе өртенді. Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің күшімен электр цехынан жеті адам эвакуацияланды. Өрт 20:11-де сөндірілді, — деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.
Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.
Өрттің шығу себебі анықталуда.
Төтенше жағдайға байланысты Жезқазғандағы тұрғын үйлер мен нысандар жарықсыз қалды. 30-40 пайызы көлемі туралы сөз болып отыр. Қаланы электр энергиясымен толық қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданды. Сағат 22:00 шамасында кейбір үйлер электр жарығына қосылып, ал жарықсыз қалған үйлердің саны 15 пайызға жуықтады. Қазірдің өзінде сағат 23:00-де желілерді қайта қосу аяқталып, барлық тұтынушыларға электр қуатын беру қалпына келтірілді. Жылумен қамту жүйесінде ақау болған жоқ. Барлық жылу магистральдары, әдеттегідей жұмысын жалғастыруда, – деп хабарлады Жезқазған қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.



