«Самұрық-Қазына» қоры қызметкерлерінің жартысын жұмыстан шығарады
«Самұрық-Қазына» қорының жаңа ұйымдық құрылымы бекітілді. Соған сай қор қызметкерлері саны екі есеге қысқаратыны белгілі болды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
«Қор қызметкерлерінің саны екі есе, 248-ден 124-ке дейін, ал басқарушы қызметтер саны 10-нан 5-ке дейін қысқарады. Құрылымдық бөлімдер саны 27-ден 18-ге (33 пайыз) қысқарып, «кеңесші» қызметтері жойылды» – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, қордың шетелдік өкілдіктері жабылғаны белгілі болды. Жаңа ұйымдық құрылым «Самұрық-Қазына» сайтында жарияланды.
«Бизнес жолындағы кедергілерді жоюға бағытталған тікелей сатып алудың жаңа тәртібі мен қадағалау, маркетинг және импорттың орнын басу ережелері алдын-ала бекітіліп, ҚР Қаржы министрлігі, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, «Атамекен» ҰКП-ге қарастыруға жіберілді. Бір көзден сатып алуға негіз болатын себептер қысқарды. Бұл құжаттарды директорлар кеңесі қабылдағасын, қордың корпоратив орталығы сатып алу әдістемесін дайындау, сатып алуларды қадағалау және бақылау функцияларын атқарады», – делінген хабарламада.
Қордың портфельдік компанияларына «Самұрық-Қазына» АҚ реформалау мәселелері жөніндегі іс-шаралар жоспары жолданғаны айтылды.
«Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының 24 қаңтардағы шешімімен «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС бас директоры А.К.Сұлтановтың, Samruk-Kazyna Construction АҚ басқарма төрағасы Б.А.Сандықбаевтың, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС бас директоры А.Ж.Ақыловтың, «Самұрық-Қазына Бизнес Сервис» ЖШС бас директоры С.К.Елшібековтың уәкілеттіктері мерзімінен бұрын аяқталып, еңбек қатынастары тоқтатылды», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, басқарма ҚР Үкіметіне жолданатын қорды реформалау бағдарламасын дайындау мерзімдерін бекіткені белгілі болды.



