ШҚО-да жүк вагондары тағы да рельстен шығып кетті

Шығыс Қазақстан облысының Алтай-Қүмістау теміржол учаскесінде жүк пойызының 5 вагоны рельстен шығып кетті. Вагондар цемент тасымалдаған, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Бір вагон «КузбассТрансЦемент» ЖШҚ (Ресей Федерациясы) меншігі болса, қалғаны «Каспий Цемент» ЖШС-ге (Қазақстан Республикасы) тиесілі. Құрам 28 км/сағ баяу жылдамдықпен жүрген, – делінген хабарламада.
Оқиғадан ешкім зардап шекпеді. Жолаушылар және жүк пойыздарының кідірісі орын алған жоқ. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Вагондардың рельстен шығу себептері анықталуда.
Естеріңізге сала кетейік, 3 сәуірде Өскемен-Күмістау темір жол учаскесінде жүк пойызының 18 вагоны рельстен шығып, олардың алтауы Ертіс өзеніне құлады. Вагондарда шлак пен кен болған.