Шымкентте мыңнан астам жұмысшының еңбекақы қарызы өндірілді
Шымкентте жыл басынан бері 1271 жұмыскердің 200 миллион теңгеден астам жалақы қарызы өндірілген. Бұл туралы дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай өткен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша үш жақты комиссия отырысында мәлім болды.
Қазіргі таңда Шымкент қаласының аумағында тіркелген 26 967 заңды тұлғаларда 400 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтың төрағалымен өткен жиында азаматтардың еңбек ақысын төлету және ұжымдардағы әлеуметтік шиеленістің алдын алу, тұрақтылық пен еңбекақыны көтеру, еңбек қауіпсіздігі және қорғау бағытында атқарылып жатқан өзекті мәселелер көтерілді.
Қала басшылығы ретінде мен үшін осы қаланың әр азаматы қымбат. Адамның маңдай терімен тапқан еңбек ақысын бермеуге болмайды. Сол себепті жұмыскерлердің құқығын қорғау жұмысын күшейту қажет. Сондай-ақ, талай жылдан бері бір жұмыс орнында тапжылмай еңбек етіп жүрген азаматтарды ынталандырып, марапатқа ұсынған жөн,-деді Е.Білісбеков.
ҚР Үкіметінің 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға сәйкес, 33 500 азаматты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде бүгінгі күнге 6000-ға жуығы ұлттық жоба аясында жұмыспен қамту шараларына тартылған. Комиссия отырысында қаладағы бірқатар жұмыс орындарының жұмыскерлері де марапатталды. «Үздік қауіпсіз кәсіпорын» номинациясы бойынша «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның «Шымкент» Магистратральдық газ құбырлары басқармасы марапатталды. «Үздік еңбекті қорғау қызметі» номинациясына «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Шымкент өндірістік филиалының қауіпсіздікті, еңбекті қорғау және экология қызметі басшылығына табысталды. «Үздік еңбекті қорғау инженері» номинациясымен «Энергопоток» ЖШС қызметкері Қайдарбек Нұрмаханов марапатталды.