Жаңалықтар

ШҚО-да су айдындарындағы қауіпсіздік бойынша профилактикалық рейдтер күшейтілді

Өңірде аптап ыстықтың орнауына байланысты су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында ШҚО ТЖД құтқарушылары халық көп шоғырланатын демалыс орындарында патрульдеу жұмыстарын күшейтті. Бұқтырма су қоймасы аумағында қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау мақсатында рейд өткізілді. Рейд барысында Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша үш құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 

Жедел әрекет ету үшін құтқарушылар қуатты қозғалтқыштармен, навигациялық құралдармен, байланыс жүйелерімен және тіршілікті қамтамасыз ету жабдықтарымен жарақтандырылған заманауи катерлерді пайдаланады. Бұл құтқарушылардың мүмкіндіктерін едәуір арттырады.

 

Жазғы кезең басталғалы бері ШҚО ТЖД қызметкерлері 200-ден астам патрульдеу мен рейд жүргізді. Олардың басты мақсаты – судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу. Мыңдаған демалушы қамтылып, оларға су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.

 

Сонымен қатар, судағы қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан шомылу маусымы басталғалы бері облыста 2 адам суға батып қаза болды. Қайғылы оқиғалар жабдықталмаған шомылу орындарында, өз күшін дұрыс бағаламау және алкогольдік масаң күйде суға түсу салдарынан орын алған.

 

ШҚО ТЖД тұрғындар мен демалушыларға қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды тағы бір мәрте ескертеді:

 

– Шомылу үшін тек жабдықталған жағажайларды таңдаңыз;

– Қайықпен, катермен, катамаранмен және гидроциклмен жүзу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаңыз;

– Су көлігіне шығар алдында міндетті түрде құтқару кеудешесін киіңіз;

– Қайықтан, катамараннан немесе катерден суға секіруге тыйым салынады;

– Су көлігін белгіленген нормадан артық жүктеуге болмайды;

– Қайықтың немесе катердің жиегіне отырмаңыз, орын ауыстырмаңыз және бір қайықтан екіншісіне өтпеңіз.

 

Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласыңыз.

 

ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button