«Visit Shymkent» : Қаланың түрлі тарихи-мәдени орындарына тегін саяхат жасауды қолға алды

Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы 16-20 мамыр, яғни апта бойы қаланың түрлі тарихи-мәдени орындарына тегін саяхат жасауды қолға алды. Жалпы алғанда балалар туризмін дамытудың басты мақсаты – келешек ұрпақты жігерлі де қайсар, өз өлкесін шынайы сүйетін патриот, өз елінің дәстүрлері мен тарихын, мәдениетін құрметтейтін, салауатты өмір салтын ұстанатын ұрпақты тәрбиелеп шығару.
«Балалар туризм апталығы» деп аталатын экскурсияға Шымкент қаласының ең танымал туристік орындары біріктірілген. Атап айтқанда: «Кең баба» этно-саябағы, жасөспірімдерге арналған қуыршақ театры, Ордабасы алаңы, «Shym Qala» тарихи-мәдени кешені, Тәуелсіздік саябағы, Даңқ мемориалы, Бейнелеу өнері музейі, Бәйдібек би монументі, облыстық тарихи-өлкетану музейі және Зообақ.
Балалар жоғарыда аталған орындардың тарихымен кеңінен танысатын болады. Ол үшін орталықтың гид-экскурсоводтары балаларға құнды ақпараттарымен бөлісіп, бұл орындардың маңызына тоқталады. Одан өзге, балаларға арналған танымдық ойындар ойнатылып, тәттілер беріледі. Туризмді түлету – туған елді танудан басталады. «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы алдағы уақытта балалар туризмін дамытуды аймақ, өңіраралық деңгейде өткізуді жоспарлауда.
Бүгінгі күнде «Балалар туризм апталығы» экскурсиясына 150-ден астам бала тіркеуден өткен. Бағдарлама бойынша нысандар әр күнге бөлінген. Балалар өзі қалаған күнді, нысанды таңдай алады. Ол үшін «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының +7 701 102 17 17 нөміріне байланысып, ақпарат алуға және тіркелуге болады.



