BasNewsПікір

Жаңа салық: Байлар да жылайды

Қоғамның пікірі екіге бөлінді. Біреулер енгізгелі тұрған «Байлық салығын» қолдайды, енді біреулер бұл бастаманы даттайды. 

Мәселен, белгілі саясаткер Дос Көшім осы салықтың енгізілуіне түбегейлі қарсы:

«Меніңше, бұл популистік бағыттағы іс-әрекет. Осылайша біз байларға: «қоғамның өміріне жауап беруің, байлығыңмен бөлісуің керек» деген салықты енгізетіндей боламыз. Бірақ онда әлеуметтік әділдік бола ма?  Иә, белгілі бір деңгейге дейін қарапайым жұр та, олигархтар да қазынаға бірдей ақша төлейді. Алайда, іскер адамдардан алынатын салық түрлері де, алымы да көп. Менің ойымша, бұл дұрыс жол. Мысалы, біреу тамақ жемеуі мүмкін, бірақ қымбат көлікпен жүреді. Себебі оған құмар. Бұл салықты ол да төлей ме сонда? Меніңше, жалпы адамның табатын жылдық пайдасына қарай салық салынуы дұрыс. Ал оның не сатып алатынында ешкімнің шаруасы жоқ. Бұлай болмаса, әділетсіздік деп санаймын».

Саясаткердің бұл пікірімен саясаттанушы Самат Нұртаза келіспейді.

«Байлық салығына келетін болсақ, бұл басқа мемлекеттер тәжірибесінде бар. Мысалы, Францияда 75 пайыз салық төлейді. Кезінде Жерар Депардье оны төлемес үшін Ресейге көшіп келген. Шешенстанда тұрған. Бізде бай адамдар бар. Олар 90-шы жылдары ескі Қазақстанда дұрыс емес жолдармен байып кеткен болуы ықтимал. Сондықтан өз басым олар еліне сол жасаған мүмкіндігі үшін алғысын білдіруі керек деп есептеймін. Алайда бұл жерде өз еңбегімен байыған адамдар мен дұрыс емес жолмен байығандарды ажырата білу керек. Шынайы еңбекқорлар арасына қоспау керек. Жалпы бұл салық керек. Бұл салық біздің экономикамызға дүмпу болады. Сондықтан да мен толықтай қолдаймын», – деді ол.

Еске салайық, 1 қыркүйек күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауында «Байлық салығының» енгізілетінін айтқан болатын.

 

 

Back to top button