«Ауыл тұрғындары індетке шалдықты» деп жалған ақпарат таратқан мектеп мұғалімі ұсталды

Алматы облысындағы «Ұзынағаш ауылының екі тұрғыны коронавирус ауруына шалдыққан» деп қаусет таратқан әйел ұсталды, деп хабарлайды BasNews.kz.
Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматы облысы Жамбыл ауданы Үмбеталы ауылының 31 жастағы Р. есімді азаматы WhatsApp желісі арқылы жергілікті тұрғындар арасында Қайназар ауылы мен Ұзынағаш ауылында екі адам коронавирус инфекциясын жұқтырғаны туралы аудиожазба жібрген. Жалған ақпаратты мыңнан астам жергілікті тұрғын таратып үлгергені анықталды.
Көп ұзамай күдікті анықталып, ұсталды. Оның Жамбыл ауданы Үмбеталы ауылының 31 жастағы тұрғыны екендігі және жергілікті мектептердің бірінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтіні анықталды.
Жауап алу барысында мұғалім әйел өзінің коронавирус туралы ойланбай жалған ақпарат таратқанын толығымен мойындады.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 274-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ол 3-тен 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.



