Жаңалықтар

Еңбек ұжымымен кездесу өтті

ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауы қарсаңындағы үгіт-насихат жұмыстары басталғаны баршаңызға мәлім. Осы мақсатта бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығынан кандидат Ж.Таңатарова және Шымкент қалалық мәслихаты депутаттығына сайлауға түсетін Ж.Бектаева, А.Қайыпов, А.Тасмурзаев, М.Кенжебаева және «AMANAT» партиясы Еңбекші аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Г.Жартыбекова «Арт Құрылыс» ЖШС қызметкерлерімен кездесті. Депутаттыққа үміткерлер құрылыс компаниясының жұмысшыларына күні бүгінге дейін атқарылған жұмыстар туралы ақпарат беріп, партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.

– «AMANAT» партиясы «Халықпен бірге!» деп аталатын Сайлауалды бағдарламасын ұсынып отыр. Бұл бағдарлама қалай жасалды? Аталмыш құжат – қоғамда әбден қайнап, пісіп-жетілген проблемаларды шешудің нақты жолы, нақты жоспары десек те болады. Өткен жылдың өзінде партия өңірлерде, ауыл-аймақта мыңдаған кездесу өткізіп, тұрғындардан 200 мыңнан астам ұсыныс-пікір жинаған болатын. Міне сол барлық ұсынысты мұқият сараптап, егжей-тегжейлі зерттеп, Сайлауалды бағдарламаға түгелдей енгіздік. Халықтың бірінші сұранысы – жайлы тұрмыс пен тұрақты жұмыс. «AMANAT» алдағы бес жылда азаматтардың кірісін арттыруға барынша күш салады. Жалпы еңбек адамдарының, соның ішінде мұғалімдер мен дәрігерлердің, әскерилердің, өндіріс саласы мамандарының, жас кадрлардың адал еңбегі мен маңдай тері лайықты бағалануы тиіс деп санаймын, – деді «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Ж. Әлібекқызы.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығынан кандидат Ж.Таңатарова өз сөзінде бұл саяси науқанның мемлекет пен қоғам үшін де, әр отбасы мен әр азаматтың болашағы үшін де маңызы зор екенін тілге тиек етті.

«Біз жаңа дәуірде, оң өзгерістер кезеңінде өмір сүріп жатырмыз.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың түбегейлі реформалары азаматтарымыздың күмәнсіз, толық қолдауына ие болды. Үмітін оятып, сенімін нығайтты. «Amanat» партиясы, Президенттің қоғамдық тірегі ретінде, осы реформаларды іске асыру жолында барлық күш-жігерін, қарым-қабілетін  жұмсайтын болады» деді ол.

Жиын соңында болашақ халық қалаулылары еңбек ұжымының қызметкерлерін наурыз айында өтетін сайлауға қатысып, дауыс беруге шақырды.

Шымкент қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «AMANAT» партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button