Жаңалықтар

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ЖАЛҒАСУДА

2026 жылғы 17 маусымда Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ұлытау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Құрмет Есмұратұлы Саттыбаевтың қатысуымен брифинг өтті.

Брифинг барысында өңірдегі жұмыспен қамту, халықты әлеуметтік қорғау, кәсіпкерлікті қолдау, еңбек мобильдігін дамыту және мүгедектігі бар азаматтарды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері таныстырылды.

Жыл басынан бері облыстың мансап орталықтарына жұмыссыз ретінде 3 368 адам тіркеліп, олардың 2 822-сі жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 1 206 адам тұрақты жұмыс орындарына жолданса, 447 адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылды. Сонымен қатар 86 адам іске асырылып жатқан жобалар аясында жұмысқа тартылып, 1 083 адам Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде қамтылды.

Облыстағы жұмыссыздық деңгейі 4,1 пайызды құрайды. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша 8 965 адам жұмыспен қамтылған.

Спикер жұмыспен қамтудың сапасына ерекше тоқталып, жұмыспен қамтуды бағалауда міндетті зейнетақы жарналары негізгі көрсеткіштердің бірі болып саналатынын атап өтті. Бұл азаматтардың ресми және әлеуметтік қорғалған жұмыс орындарында еңбек етіп жатқанын растауға мүмкіндік береді.

Адам капиталын дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл 100 адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамту жоспарланса, тағы 25 адам жұмыс берушілердің жұмыс орындарында оқудан өтуде. Skills Enbek платформасы арқылы жыл басынан бері 324 тұрғын онлайн-курстарды аяқтап, сертификат алған. Сонымен қатар «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 139 адам кәсіпкерлік негіздерін меңгерді.

Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдау мақсатында биыл 120 мемлекеттік грант беру көзделген. Бір гранттың мөлшері 1 млн 730 мың теңгені құрайды. Гранттарға өтінім қабылдау 24 маусымда басталады.

Еңбек мобильдігін арттыру бағытында өңірге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы жүзеге асырылуда. Биыл облысқа 125 адамды немесе 28 отбасын көшіру жоспарланған. Қазіргі таңда 21 отбасынан 87 адам қоныс аударған. Қоныс аударушыларға көшу шығындарына субсидиялар, тұрғын үй жалдау ақысын өтеу және тұрғын үй сатып алуға арналған экономикалық мобильдік сертификаттары ұсынылады.

Брифинг барысында 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау көрсету қағидаларына өзгерістер енгізілетіні хабарланды. Атап айтқанда, көшуге арналған субсидия алу үшін азамат кемінде үш ай жұмыс істеп, зейнетақы аударымдары болуы тиіс. Тұрғын үй жалдау ақысын өтеу үшін – кемінде алты ай, ал тұрғын үй сатып алуға арналған сертификат алу үшін кемінде бір жыл еңбек қызметін растауы қажет.

Жыл басынан бері өңірде 9 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған 158 жұмыс беруші мен 552 жұмыс іздеуші қатысты. Жәрмеңкелерде 520-дан астам бос жұмыс орны ұсынылды.

Мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселесіне тоқталған Құрмет Саттыбаев облыста бүгінгі күні 11 182 мүгедектігі бар адам тұратынын, оның ішінде 1 098 бала бар екенін атап өтті.

Оңалтудың техникалық құралдары мен әлеуметтік қызметтерді алу үшін Әлеуметтік қызметтер порталы тиімді пайдаланылуда. Қазіргі уақытта оңалту шараларымен қамту деңгейі 64,5 пайызды құрайды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті кемінде 99 пайызға жеткізу жоспарланған.

Кедергісіз орта қалыптастыру аясында биыл әлеуметтік маңызы бар 181 нысанды бейімдеу жоспарланған. Қазіргі таңда олардың 129-ы бейімделген. Жалпы алғанда, қолжетімділік картасына енгізілген нысандардың 67 пайызы немесе 263 нысан азаматтар үшін қолжетімді.

Мемлекеттік қолдаудың маңызды бағыттарының бірі – атаулы әлеуметтік көмек. 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша облыста 250 отбасыға немесе 1 226 адамға жалпы сомасы 150 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

Сонымен қатар мерекелік күндерге байланысты көпбалалы отбасыларға, ардагерлерге және басқа да азаматтар санаттарына 350 млн теңгеден астам қосымша әлеуметтік төлемдер берілген.

Отбасыларды кешенді қолдау мақсатында өңірде Отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді. Олар Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларында, сондай-ақ Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында ашылған. Бүгінгі күнге дейін 211 азаматқа 317 түрлі қызмет көрсетілген.

Брифинг қорытындысында спикер халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басты мақсат азаматтарға тек әлеуметтік көмек көрсету ғана емес, олардың тұрақты табыс тауып, еңбек етіп, өз болашағын қалыптастыруына жағдай жасау екенін атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button