Түркістан облысы

Өзін-өзі ұсынғандар сайлауалды дебат өткізе алады

19 наурызда өтетін Мәжіліс және мәслихат депутаттығы сайлауына өзін-өзі ұсынғандар сайлауалды дебат өткізуге құқылы. Бұл туралы ОСК талдау және коммуникация аппараты бөлімі жетекшісінің орынбасары Әшім Бердібеков мәлім етті.

«16 наурызда өтетін саяси партиялардың сайлауалды пікірсайысын өткізуге 63 млн теңге бөлінді. Былтыр да дәл осы сома болған еді. Дебат бойынша «Хабар» агенттігі регламентті белгілеп, ұсыныстарын бізге жібереді. Регламент келесі отырыста қаралып, бекітіледі. Өзін-өзі ұсынған кандидаттардың да дебат өткізу мүмкіндіктері бар. Ол туралы ҚР Сайлау туралы заңының 2 және 3 тармағында көрсетілген. Оларға берілген құқық бойынша дебатты қандай телеарнада және оның регламентін өздері бекітеді», – деді Әшім Бердібеков ОСК брифингі барысында.

ОСК мүшелерінің айтуынша, бір мандатты округтер бойынша сайлауға түсетіндер пікірсайыс шығынын толықтай өздері өтейді.
Саяси партиялардың сайлауалды дебаты 16 наурызда өтеді. Теледебат «Хабар» арнасынан көрсетіледі.
Айта кетейік, 26 ақпандағы жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясына 12 032 550 дауыс беруші тіркелген.

Back to top button