Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиум

1) Қазақстан Алтын Орда мұрасын зерделеудің халықаралық орталығы ретіндегі ұстанымын нығайтуда*
Астанада Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Алтын Орда» халықаралық симпозиумы өтуде.
Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиум Қазақстанның тарихи ғылымды дамытуға және елдің өркениеттік мұрасын халықаралық деңгейде ілгерілетуге бағытталған стратегиялық бағытын айқындайды. Бүгінде Қазақстан Жошы Ұлысының тарихын зерттейтін жетекші халықаралық орталықтардың біріне айналып, Алтын Орданың әлем тарихындағы рөлін жан-жақты зерделеу үшін отандық және шетелдік ғалымдарды біріктіріп отыр.
Алтын Орда мұрасын зерделеу бойынша жүйелі жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізілуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Алтын Орда мұрасының тарихи сананы нығайту мен ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы ерекше маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институтының құрылуы отандық тарих ғылымын институционалдық дамытудағы маңызды қадамға айналды.
2) Алтын Орда мұрасы – Қазақстанның тарихи бірегейлігінің маңызды бөлігі*
Алтын Орда Қазақ хандығының тарихи негізін қалаған және қазақ халқының қалыптасуында шешуші рөл атқарған мемлекет ретінде Қазақстан тарихында ерекше орын алады. Дәл осы кезеңде түркі-мұсылман өркениеттік кеңістігі қалыптасып, мемлекеттілік, сауда, мәдениет және дипломатия қарқынды дамыды.
Мемлекет басшысы тарихи жадыны сақтаудың және ұлттық тарихты терең зерделеудің маңызын бірнеше рет атап өтті. Алтын Орданың рәміздері мен дәстүрлері қазіргі Қазақстан мемлекеттілігінде де көрініс табуда. Атап айтқанда, Президент резиденциясының «Ақ Орда» атауы тарихи тұрғыдан Жошы Ұлысы билеушілерінің ордасымен байланысты болса, ұлттық валюта – «теңге» атауы Алтын Орда дәуіріндегі ақша айналымынан бастау алады.
2026 жылы Алтын Орда тарихымен байланысты үш маңызды дата атап өтіледі:
• «Ақсақ құлан» күйінің 800 жылдығы;
• Бату ханның Алтын Орда тағына отырғанына 800 жыл;
• Жошы Ұлысы билеушілерінің резиденциясы – Ақ Орданың 800 жылдығы.
Симпозиум өткізу қоғамның, әсіресе жастардың, отандық тарих пен мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында Алтын Орда тарихын зерттеу түрлі этностардың, діндер мен мәдениеттердің бейбіт қатар өмір сүруінің тарихи үлгісі ретінде ерекше өзектілікке ие.
3) Халықаралық симпозиум әлемнің жетекші сарапшылары мен ғалымдарын біріктірді*
Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек халықаралық симпозиумның тарихи ғылымды дамыту мен тарихи мұраны зерделеу тұрғысынан стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
Министрдің айтуынша, Алтын Орда Шығыс пен Батыстың өзара ықпалдастығын, идеялар, технологиялар мен мәдени тәжірибелер алмасуын қамтамасыз еткен еуразиялық интеграцияның бірегей үлгісі болды. Оның тарихы көшпелі және отырықшы өркениеттердің синтезін көрсетеді.
Халықаралық симпозиум жұмысына 20-дан астам елден 300-ден аса жетекші ғалымдар, дипломаттар, халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың және мәдени қауымдастықтардың өкілдері қатысуда. Бағдарлама аясында ЮНЕСКО өкілдерінің, саяси қайраткерлердің және академиялық орта өкілдерінің қатысуымен пленарлық отырыс пен жеті тақырыптық секцияның жұмысы ұйымдастырылған.
4) Халықаралық симпозиум – ғылыми және гуманитарлық диалог алаңы*
Халықаралық симпозиум Алтын Орда мұрасын зерттеудің өзекті мәселелерін талқылау үшін түрлі елдердің жетекші ғалымдарын, археологтарын, тарихшыларын және сарапшыларын біріктірді.
Негізгі назар Жошы Ұлысының саяси, экономикалық, мәдени және рухани мұрасына, сондай-ақ оның қазіргі Еуразияның дамуына ықпалына аударылды.
Симпозиум аясында Алтын Орда мұрасына арналған тақырыптық көрме ұйымдастырылды. Экспозицияға археологиялық, жазба және мәдени жәдігерлер қойылған.
Көрме мемлекет пен билік, дала сәні мен киімі, әскери іс, көшпелі және қалалық өркениеттердің өзара ықпалдастығы, мәдениет, ғылым және өнер бағыттарын қамтиды. Интерактивті картада 70 археологиялық және сәулет ескерткіші ұсынылған, оның ішінде 17 нысан толық сипаттамаларымен және 3D-визуализациясымен берілген.
Орталық экспонаттардың қатарында «Шежіре хандар» қолжазба шиыршығы, Каталон атласы, хандардың генеалогиялық ағашы, монеталар мен жазба дереккөздер бар.
5) Тарихи мұра саласындағы ғылым мен халықаралық ынтымақтастықты дамыту*
Симпозиум өткізу Қазақстанның ғылыми әлеуетін нығайтуға және тарих, археология мен мәдениеттану салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді.
Қазақстандық ғалымдар халықаралық ғылыми қауымдастықтың жоғары қызығушылығын тудыратын ауқымды ғылыми-зерттеу және археологиялық жобаларды жүзеге асыруда.
Маңызды бағыттардың бірі – Алтын Орда дәуірінің ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу бастамасын ілгерілету. Бұл қатарда Жошы хан кесенесі, Сарайшық, Сығанақ, Сауран және Жанкент секілді бірегей тарихи нысандар бар.
Сонымен қатар симпозиум қорытындысы бойынша жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу, цифрлық архивтер құру және ашық ғылыми материалдарды жариялау жоспарлануда.
6) Алтын Орда мұрасы және заманауи интеграциялық үдерістер*
Алтын Орда тарихы өткеннің бір бөлігі ғана емес, халықтарды біріктіру мен халықаралық байланыстарды дамытудың маңызды тарихи тәжірибесі ретінде қарастырылады.
Алтын Орданың дамыған сауда желісі, мәдениетаралық алмасуы және экономикалық қатынастары еуразиялық кеңістіктің қалыптасуында маңызды рөл атқарды.
Қазіргі кезеңде Қазақстан өзара құрмет, мәдени диалог және халықаралық ынтымақтастық қағидаттарын дәйекті түрде ілгерілетіп келеді. Осы тұрғыда Алтын Орда мұрасы гуманитарлық дипломатияның маңызды элементіне айналып отыр.
Халықаралық симпозиум өткізу Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға және ғылыми-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.
7) Астана декларациясы – халықаралық өзара іс-қимылдың негізі*
Симпозиум қорытындысы бойынша қатысушылар Алтын Орда мұрасы Еуразия халықтарының тарихи және мәдени дамуының ажырамас бөлігі екенін растады.
Қазақстанның Жошы Ұлысы мұрасын зерттеу, сақтау және насихаттау бағытындағы жетекші халықаралық орталықтардың бірі ретіндегі рөлі ерекше атап өтілді.
Қатысушылар материалдық және материалдық емес мұраны сақтау, археологиялық бағдарламаларды кеңейту, білім беру бастамаларын дамыту және халықаралық гуманитарлық жобаларды іске асыру бойынша бірлескен жұмысқа дайын екендіктерін білдірді.
Симпозиумның маңызды нәтижелерінің бірі – Алтын Орда мұрасы жөніндегі Астана декларациясының қабылдануы болды. Құжат тарихи жадыны сақтауға, мәдениетаралық диалогты нығайтуға және Орталық Еуразия халықтарының ортақ мұрасын ілгерілетуге бағытталған.



