Түркістан: Орталық сайлау комиссиясы төрағасының қатысуымен көшпелі семинар-кеңес өтті
Бүгін Түркістан қаласында 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған ҚР Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу мәселелері бойынша ҚР ОСК мүшелерінің қатысуымен көшпелі семинар-кеңес өтті. Аталған шараға ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров келді.
Жиынға АСК мүшелері, кандидаттардың сайлауалды штабтарының өкілдері, БАҚ өкілдері, электоралды жаттықтырушылар, мүдделі мемлекеттік орган өкілдері, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдері, «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы филиалының төрағасы қатысты.
Семинар-кеңеске Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Ерман Мұхтар модератор болды. ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Әбдіров сайлауға дайындық бойынша баяндама жасады.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев облыста сайлау науқанын өткізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарына тоқталды.
«Бүгінгі күнге облыстағы 17 аудан, қала бойынша 1 миллион 168 мың 658 сайлаушы, 941 сайлау учаскесі бар. Дауыс беру күні сайлау учаскелерінде 6984 байқаушы жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Байқаушылар ұсынатын 25 қоғамдық бірлестік аккредиттеуден өткен», деп атап өтті Бейсен Дәулетұлы.
Одан кейін өңірлердегі үгіт-насихат жұмыстарының өткізілу барысы, орын алған заңбұзушылықтар бойынша облыс прокурорының міндетін атқарушы Саян Келдібеков, «Сайлау науқаны және дауыс беру күні құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету» мәселелері бойынша Түркістан облысының Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаев баяндама жасады.
Айта кетейік, Түркістан облысы әкімдігінің, 17 қала мен аудан әкімдіктерінің интернет-ресурстарында «Өз сайлау учаскеңді тап» іздеу қызметі, сондай-ақ, сайлаушыларды іздеуге арналған телеграмм боты (@tur_saylaw_bot) жұмыс істейді.
Сайлау учаскелері пандустармен, қосымша жарақтандыру және тактильді белгілермен қамтылған. Сайлау күні мүгедектігі бар адамдарға облыс көлемінде 43 инватакси және 50 әлеуметтік такси қызмет көрсетеді. Қосымша қажеттілік болған жағдайда, сайлау учаскелерінде демеушілер есебінен 60 көлік ұйымдастырылып, есту қабілеті нашар азаматтар үшін сайлау учаскесіне 114 ымдау тілі маманының қызметі көрсетілетін болады.