BasNewsЖаңалықтар

Қызылордада мектеп оқушысы сабақ үстінде пышақталған

Қызылордада төтенше жағдай орын алды. Облыс орталығындағы №217 мектепте оқушы пышақталды. Қылмыстық әрекетке осы оқу орнында білім алатын жасөспірім барған. Бүгінде жарақат алған жеткіншектің жағдайы қанағаттанарлық, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Оқиға кеше орын алған. Мектепте оқушылардың өзара келіспеушілігі өкінішті жағдаймен аяқталды. Жарақат алған жасөспірімге облыстық көпсалалы балалар ауруханасының дәрігерлері медициналық көмек көрсетті. Бүгінде жеткіншек ауруханадан шығарылған, жағдайы бірқалыпты. Орын алған жағдайға байланысты тергеу жұмыстары басталды.

Мән-жайды анықтау үшін мектеп әкімшілігіне хабарластық.

«Мектепте балалардың қауіпсіздігін сақтау үшін арнайы турникеттер орнатылған. Металл іздегіш құрылғысы да бар. Оқушының мектеп ішіне суық қаруды қалай алып кіргені біз үшін түсініксіз жағдай. Қазір зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – деді №217 мектеп директоры Анар Таженова.

Қазір белгілі болғандай, оқушылардың ата-аналары шағымданбайтынын жеткізген. Қызылорда облыстық білім басқармасы тергеу жұмыстары аяқталғанша, ресми ақпарат берілмейтінін жеткізді.

Орын алған жағдай ата – аналардың да алаңдаушылығын тудырып отыр. Балаларын мектепке жіберуге қорқып қалған жандар құзырлы органдар тиісті шараларды жүзеге асырғанын талап етеді.

Back to top button