Алматыда 10 жастағы баланың асқазанынан бір келі шаш шықты
Алматылық хирургтар баланың асқазанынан 900 грамм шаш пен жүнді алып тастады, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Алматы қаласының №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасына 10 жастағы науқас іштің ауырсынуына, құсуға, әлсіздікке, мазасыздыққа шағымданып шұғыл түскен. Құрсақ қуысы мүшелерінің компьютерлік томографиясында асқазанынан бөгде зат (безоар) анықталған.
Клиника хирургтары бөтен затты хирургиялық жолмен алып тастауға, яғни гастротомия жасауға шешім қабылдаған.
«Оператор Марат Қаптағаев, ассистент Азат Олжабаев және анестезиолог-реаниматолог Жандос Шолахов 90 минутқа созылған операцияны сәтті аяқтады. Олар асқазан мен он екі елі ішектен 900 грамм шаш пен жүнді алыптастады», – деді балалар ауруханасының баспасөз қызметі.
Анасының айтуынша, баланың шашын, жүннен жасалған бұйымдарды, киізді шайнап, жұтып қоятын жаман әдеті болған.