Смайылов инфляцияны екі есеге төмендету бойынша тапсырма берді
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов инфляцияны тежеу бойынша тапсырмалар берді, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
«Бағаның өсуін тежеуге күш салу қажет. Біздің мақсатымыз – биыл инфляцияны екі есеге төмендету. Ол үшін үйлесімді және нақты шұғыл шаралар қажет. Биылғы сәуірде инфляция 16,8%-ға дейін баяулады. Өңір әкімдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша сапалы жұмысты жалғастыруы керек», – деді Смайылов.
Ол атағандай, инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі өзектендірілген шаралар жоспарын орындау үшін барлық тиісті шараларды қабылдау қажет.
«Қаржылық тәртіпті күшейту және мемлекеттік бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру маңызды. «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бойынша іске асырылатын шаралардың сапасын жақсартқан жөн. Қаржыландыруға барынша жауапкершілікпен қарау керек. Нақты әлеуметтік-экономикалық нәтижеге қол жеткізу үшін бюджеттік параметрлердің қатаң сақталуын және қаражаттың тиімді бөлінуін қамтамасыз ету қажет. Тағы да атап өткім келеді – біз экономиканың өсу қарқынын жоғары деңгейде сақтап қалу үшін бар күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек», – деді ол.