Мен БЖТ-ны ағымдағы айда өткен айлар үшін төлей аламын ба және оны қалай істеуге болады?
Бірыңғай жиынтық төлемнің (БЖТ) өз-өзін жұмыспен қамтыған азаматтар үшін салық режимі ретінде қолданысы Салық кодексінде тек 5 жылдық кезеңге – 2019 жылдан 2023 жылға дейін көзделгенін бірден еске салғымыз келеді, яғни ол ағымдағы жылдың соңына дейін ғана әрекет етеді.
БЖТ жалпы сомамен төленуі тиіс. БЖТ қолма-қол ақшамен не банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын банктер мен ұйымдар арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының банктік шотына «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» ҚР Заңының талаптарын ескере отырып, қолма-қол ақшасыз тәсілімен енгізу арқылы да жүргізіледі.
БЖТ төлеуді азаматтар өз бетінше немесе олардың пайдасына үшінші тұлға БЖТ төленетін күнтізбелік жылдың айын «ААЖЖЖЖ» форматында көрсете отырып, жүзеге асырады.
Бұл ретте БЖТ күнтізбелік жылдың ағымдағы және кейінгі айлары үшін төленуі мүмкін.
БЖТ мөлшері:
- 1 АЕК – Республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін (2023 жылы 3 450,00 теңге);
- 0,5 АЕК – басқа елді мекендерде тұратын жеке тұлғалар үшін (2023 жылы 1 725,00 теңге).
БЖТ төлемнің төрт міндетті түрін біріктіреді:
- БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналары (БЖТ жалпы сомасының 30%);
- жеке табыс салығы (БЖТ жалпы сомасының 10%);
- Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар (БЖТ жалпы сомасының 20%);
- Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар (БЖТ жалпы сомасының 40%).