Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына арналған ауқымды мәдени іс-шаралар өтеді
Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әділ Қонысбеков мәлім етті.
Биыл Түркістан облысының құрылғанына тура 5 жыл толып отыр. Президент жарлығымен 2018 жылдың 19 маусымында жаңадан Түркістан облысы құрылған болатын. Бұл тарихи шешім өңірге жаңа серпін берді және жан-жақты даму мүмкіндіктеріне жол ашты.
«Осынау аз ғана уақыт ішінде өңіріміз өзгерді, облыс орталығы түлеп, жаңаша кейіпке еніп үлгерді. Тарихы тереңде жатқан шаһардың жаңа дәуірі басталып, жүздеген нысан бой көтерді. Бес жылдық белестің қарсаңында, облыс басшылығының қолдауымен өңірімізде бірқатар шаралар қолға алынды. Соның бір айғағы – күні ертең «Түркістан облысына бес жыл – бес әдеби сапары» шарасы Қызылорда қаласында өтіп, Шымкент қаласында жалғасады.Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен қазіргі таңда көне Тараз қаласына, Алматы және Астана қалаларында өтті. Рухани-мәдени шара аясында қаламгерлермен кездесу ұйымдастырылып, өңірден шыққан ақын-жазушылар облыс әкімінің орынбасары Бейсен Дәулетұлының бастамасымен іске асып жатқан «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясына өз үлесін қосады», – деді Әділ Нұржанұлы.
Сондай-ақ, Түркістанның туристік әлеуетін дамыту мақсатында сәуір-шілде айлары аралығына жоспарланған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында әр аудан, қаланың мәдени күндері өтіп жатыр. Аталған мерекелік шара бүгінде шетелдік туристердің де ерекше қызығушылығын арттырды. Бұдан бөлек, мерекенің мән-маңызын айшықтау мақсатында 16-18 маусым күндері «Алтын сақа» халықаралық анимациялық фильмдер фестивалі өтеді. Ал, 17 маусым күні Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясы композитор Шәмші Қалдаяқовтың әндерімен өрнектелген «Менің Қазақстаным!» атты ән кешін ұсынады. Сондай-ақ қазан айында дәстүрлі халықаралық «Voice of Turan – 2023» қазақ әндері байқауы ұйымдастырылады.
Брифингте сөз алған Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев мерекеге орай облыс орталығында жастар арасында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды кеңінен дәріптейтін ұлттық ойындар, фестивалдер мен байқаулар, сондай-ақ қазақ әндері байқауы, гала-концерттер өткізілетінін жеткізді. Бұл орайда, 17 маусымда Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орай «Балбырауын» күйшілер фестивалі өтеді. Ал, «Жібек жолы» саябағында еңбек адамдары мен олардың отбасына және мүмкіндігі шексіз балалар үшін ойын-сауық кешендері жеңілдетілген бағада қызмет көрсететін болады.
САҚ киностудиясының директоры Нуриддин Паттеев Түркістанның тарихынан сыр шертетін туындылар кеңінен насихатталып, «Turkistan» телеарнасынан көрсетілетінін және Қ.А.Ясауидің 930 жылдығына арналған көпсериялы мультсериал дайындау қолға алынғандығын жеткізді. Ал, облыстық бейнелеу өнері музейінің директоры Айнабек Оспановтың айтуынша, 16-28 маусым аралығында облыс орталығында АРТ Түркістан халықаралық өнер фестивалі өтеді. Оған еліміздің 12 үздік қылқалам шебері қатысады. Олардың туындылары арнайы көрмеге қойылады.
Облыстың 5 жылдығына арналған мәні терең мәдени, рухани іс-шаралар алдағы айларда да жалғасады. Атап айтсақ, тамыз айында «Арыс жағасында» ретрофестивалі мен «Ұлы дала дәстүрі» этнофестивалі, қыркүйек айында «Түркістан дауысы – 2023» республикалық эстрада әншілерінің байқауы, сондай-ақ «Ән, жырым саған, Түркістан» атты Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясының концерті т.б. кең ауқымды мерекелік іс-шаралар өтеді.