Абай облысында 64 бала эвакуацияланды
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ақпараты бойынша, Абай облысындағы Бұлақ, Талица және Успенка ауылдарынан 150-ден астам адам, оның ішінде 64 бала эвакуацияланды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта олар Семей қаласындағы екі колледжге орналастырылды.
Оларға жан-жақты көмек көрсетілуде, балалар барлық керек-жарақпен, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді, кәсіби психологтардың көмегі ұйымдастырылды. Отбасылар үшін қаланың көрікті жерлері мен кинотеатрларда түрлі ойын-сауық іс-шаралары өткізілді. Осы күнге дейін өңірде министрліктің аумақтық департаменті, Балалардың құқықтарын қорғау комитеті және Абай облысының білім басқармасы өкілдері тікелей жұмыс істеуде.
Ауыл-аймақтан эвакуацияланған 9, 11-сынып түлектері үшін қорытынды аттестаттауды тапсыру бойынша барлық қажетті жағдай жасалды. Қорытынды емтихандарды Семей қаласының мектептерінде өткізу жоспарланып отыр.
«ҚР Оқу-ағарту министрінің тапсырмасы бойынша өңірге Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова аттанды. Қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің балаларына бару жоспарланып отыр. Балаларға министрлік тарапынан еліміздің ең үздік сауықтыру орталықтарында жазғы демалыс ұсынылды. Ата-аналардың келісімімен балаларға психологтардың кәсіби көмегі көрсетіледі. Жаңа оқу жылынан бастап балалар тегін ыстық тамақ, мектеп формасы және басқа да оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау – Оқу-ағарту министрлігінің бақылауында», – делінген хабарламада.