Есірткі жарнамасына қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Жастар ресурстық орталығы мен Шымкент қаласының полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесе отыра, “Есірткіні жарнамалау және насихаттау” деректерінің алдын алу бағытында сауда нүктелерінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жастар арасындағы есірткінің алдын алу және күресу мақсатында өткен түсіндірме жұмыстарында сатушылар мен сауда иелеріне ашық түрде есірткі заттары бейнеленген және есірткі заттарына қызығушылығын қалыптастыратын жазулары бар заттарды сатқаны үшін заңға сәйкес қандай жауапкершілік көздері қаралғандығы жөнінде айтылды. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге және сатып алушыларға жадынамалық парақшалар тарқатылды.
Мақсаты – салауатты өмір салтын ұстана отыра, жастар арасындағы нашақорлыққа тәуелділіктің алдын алу және жат қылықтардан аулақ болуға баулу.
Кездесуде Шымкент қаласынын Полиция департаменті тарапынан Есірткі қылмысына қарсы iс-қимыл басқармасының жедел аға уәкілі полиция майоры Карбеков Бауыржан, Шымкент қаласының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Уәлихан Самат Шоқанұлы, Шымкент медресе колледжінің оқытушысы Жомарт Дөрбетхан қатысты. Олар есірткінің адам өміріне әкелер зияны мен оны қолданған жағдайда заң аясында қандай жауапкершіліктердің қаралғаны жөнінде сөз қозғады. Сондай-ақ, дін саласының маманы діни экстремизм жөніндегі ақпараттандыру жұмыстарына тоқталып, жат ағымдардан сақ болуға шақырды.
Нашақорлық – бүгінгі күннің ең қауіпті тәуелділік дерттерінің бірі. Ол адам өміріне ғана емес қоғамға қауіпті. Біз өздеріңізбен жауапты сала қызметкерлерімен бірлесе отыра, кездесулер, акциялар тіпті, спорттық сайыстар ұйымдастырып тұрамыз. Басты мақсат – салауатты өмір салтын ұстанып, жат қылықтардан аулақ болуға шықырамыз, – деді Есірткі қылмысына қарсы iс-қимыл басқармасының жедел аға уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков.
Айта кетейік, бүгінде орталығымыздың ұйымдастыруымен жауапты сала қызметкерлерімен бірлесе, білім беру мекемелері, жоғары және орта оқу орындарында тұрақты түрде кездесулер өткізіліп келеді.



