Шымкент

Шымкентте бала тәрбиелеу міндетін орындамаған 6 ата-анаға айыппұл салынды

Ата-аналар заң жүзінде жасы толмаған балалардың құқықтарын және мүдделерін қорғаушы болып есептеледі. Себебі, балалардың әрекет қабілеттілігі толық болмағандықтан, олар өз мүдделерін өздері қорғай алмайды. Ата-аналар табиғи міндеттерін сезінбеуі де немесе тиісті түрде орындамауы да мүмкін. Өмірде мұндай жағдай аз кездеспейді. Оның зардабын алдымен ата-ананың өздері көреді. Балалардың тәрбиесіздігі, әдепсіздігі қоғам үшін де өте зиянды. Сондықтан, заң ата-ананың парызын орындамаған азаматтарға әсер ету шараларын белгілейді.

Мегаполистің ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықпен күрес бойынша 3 күндік жедел профилактикалық іс-шараның қорытындысын шығарды. Түнгі рейд барысында тәртіп сақшылары беймезгіл уақытта тұрғын үйден тыс жерлерде жүрген, кәмелетке толмаған 178 баланы анықтады. Олардың заңды өкілдері жауапқа тартылды.

Тағы бір ата-ана баласының түнде ойын-сауық орнында болғаны үшін 10 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл төледі. Ал, мұндай құқық бұзушылыққа жол берген мекеме иесіне 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Алты ата-ананың бала тәрбиелеу жөніндегі міндетін орындамауы, шымкенттік жастардың қасақана құқық бұзушылыққа баруына себеп болды. Бұл үшін заңды өкілдерге ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша хаттама толтырылды.

Айта кетейік, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Түнгі қаладағы балалар» ЖПІШ полиция қызметкерлерімен тұрақты түрде өткізіледі.

Ата-ана баланың алдындағы өз міндетін жоғары деңгейде атқарып отырса, әр нәрсені өз орнымен орындап, содан соң балаға талап қойса, ешбір бала қойылған талаптан бұлтармайды. Егер бала талап қояр болса, онда бұл талап тек баланың қажеттілігін қанағаттандыратын деңгейде ғана  орындалуы тиіс. Бала талабын жеткілікті деңгейде орындау дұрыс емес. Есін білетін баланың бәрі тұрмыс жағдайында адам баласына қажет болатын әрбір нәрсенің қайдан, қалай, қанша еңбектің, қаржының  арқасында келіп жатқанын, оның құнының өтелуі тиіс екенін ұғынып өсуі керек. Үлкендер кішілерге, аяқ астында тегін жатқан нәрсенің жоқтығын, оның бәрі тек еңбек арқылы келетінін, бала санасына жеткізіп отыруға міндетті.

Back to top button