Шымкент қаласында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» бойынша атқарылып жатқан жұмыстар
15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында Шымкент қаласында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» жарияланды.
Іс-шараның мақсаты – тұрғындардың қауіпсіздік деңгейін арттыру, тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өрттің және адам өлімінің алдын алу.
Рейдтік топтар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың үй иелерінің өртке қарсы жай-күйін, сондай-ақ жалғызбасты қарт азаматтар мен әлеуметтік тәуекелі жоғары топтағы адамдардың тұратын жерлерін зерттеуге ерекше назар аударады.
Осыған орай, Еңбекші ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері «Өрт қауіпсізідігі айлығы» аясында ауқымды профилактикалық үгіт-насихат жұмыстарын өткізді. Іс-шара Маятас елді мекенінде ұйымдастырылып, аудандық және қалалық әкімдік қызметкерлері қатысты.
Тұрғындар арасында тұрмыстағы өрт қауіпсіздік ережелерін сақтау, улы газдан улануды алдын алу шаралары туралы айтылып, арнайы ескерту парақшалары таратылды. Өрт-бұл ешкім сақтандырылмаған кездейсоқ жағдай деп айтуға болмайды, өйткені көп жағдайда – бұл өрт қауіпсіздігі ережелерін дұрыс сақтамау нәтижесі. Тұрмыстағы өрттердің негізгі себептері – бұл, ең алдымен, темекі шегу және тамақ дайындау кезінде отты абайсыз пайдалану, балалардың тентектігі, электр жабдықтарының ақаулығы, пештер мен тұрмыстық электр қыздырғыш аспаптарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу, сондай-ақ жөндеу жұмыстары кезінде қағидаларды елемеу. Осыған байланысты, Шымкент қаласының ТЖБ азаматтарды отпен жұмыс істеу кезіндегі сақтық шаралары және осы шаралар бұзылған кезде туындайтын салдарлар туралы үнемі еске салады.
Сондай-ақ, тұрғындарға өрт орын алған жағдайда дұрыс іс-қимыл жасауды үйрету, өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың дағдыларын пысықтау мақсатында Шымкент сити шағын ауданындағы 12 қабатты тұрғын үйде өрт-тактикалық сабақ өткізілді.
Сабақ барысында шартты түрде өртті сөндіру, адамдарды қауіпсіз жерге шығару және құтқару, алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсету жұмыстары жүргізілді. Сабақ соңында тұрғындарға қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, өрт орын алған жағдайда жасалатын дұрыс әрекеттер туралы айтылды.