ЖаңалықтарШымкент

Әйелдер колониясында жазасын өтеушілерге құқықтық көмек көрсетілді

       Шымкент қаласы Әділет департаментінің ұйымдастыруымен №78 түзеу мекемесінде «Әділет кеңес береді» акциясы өтті.

Кездесуге Шымкент қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Б.Усипбеков, Департаменттің коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу және тіркеу қызметі саласындағы бақылау бөлімінің басшысы Д.Ботан, құқықтық түсіндіру жұмысы және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Б.Абдалиева, Шымкент қаласы адвокаттар алқасының адвокаттары А.Ибатов, М.Мадатов, С.Сұлтанбекова, заң кеңесшілері А.Мырзагалиева, А.Акылбековалар қатысты.

Басқосу барысында сала мамандары жазасын өтеушілерге кешірім қағазын алу, жаза мерзімін жеңілдету, денсаулығының жарамсыздығына байланысты мүгедектікке шығу, баласының тегін өзгерту, неке бұзу, зейнетақы және балаға жәрдемақы тағайындауға қатысты құқықтық кеңестер берді.

Жазасын өтеп жатқандар да еліміздің теңқұқылы азаматы. Ағаттық жасап, қылмыскер атанғанымен, олардың да түзеліп, қоғамнан өз орнын табуына қақысы бар. Азаматтардың барлығы істі болған, жаза арқалаған жақынының бостандыққа шыққанын қалайды, олардың денсаулығына, психологиялық ахуалына алаңдайды.

Бір қуанарлығы, Қазақстандағы түзеу мекемелерінде сотталғандардың жазасын өтеуіне ғана емес, тәртібін түзеуіне, денсаулығын жақсартуына, білімін жетілдіріп, жаңа кәсіп меңгеруіне, сонымен бірге жұмыс істеп, қосымша табыс табуына барлық жағдай жасалған. Туыстарымен жақын байланысты үзбесін, араларын салқындатып алмасын деген ұстаныммен сотталушыларға үйлеріне қоңырау шалып, белгіленген уақытта қысқа, ұзақ мерзімдік кездесулер өткізуге жол ашылған. Сонымен қатар жақында бұған дейін түзеу мекемелерінің құзырында болып келген медициналық қызмет саласы Денсаулық сақтау министрлігінің қарауына өтті. Мұның да сотталушылар үшін тиімді тұсы баршылық.

Back to top button