ЖаңалықтарШымкент

Президенттің жастар кадр резервіне іріктеу тәртібі түсіндірілді

Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің жастарын қолдау мақсатында 2019 жылы елімізде алғаш рет Президенттік жастар кадр резерві құрылды. Резервті қалыптастырудың негізгі мақсаты – қоғамдық мүдделерді басшылыққа ала отырып, елдің дамуына өзгерістер енгізгісі келетін «жаңа формацияның көшбасшыларын» іздеу болып табылады.

«Президенттік жастар кадр резервінің кейбір мәселелері туралы» Президенттің 2019 жылғы 27 тамыздағы №141 Жарлығымен бекітілген Қағидасына сәйкес, Резервке 35 жастан аспаған, жоғары білімі және 5 жылдан кем емес еңбек өтілі бар ҚР азаматы қатыса алады.

Осыған орай, Резервке іріктеудің тәртібі мен кезеңдері туралы ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы А.Қансейіт өз баяндамасында Департаменттің қызметкерлеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

«1 қыркүйектен бастап Президенттік жастар кадр резервіне жаңа іріктеу басталды. Президенттік жастар кадр резерві – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасы. Бұл бастама дарынды, бастамашыл, еліміздің дамуына бей-жай қарамайтын жастарды мемлекеттік қызметке тартуға бағытталған. Ел мүддесіне адал қызмет етемін деген жастарды Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге қатысуға шақыру қажет. Мемлекеттік аппаратқа білімді, еңбекқор, Отанға қызмет етуді өзіне парыз санайтын жастар керек. Жастарымыздың бойындағы тасқындаған күш-жігер мен білімді ел мүддесіне қызмет етуге бағыттау, кәсіби мемлекеттік қызметшілердің жаңа легін қалыптастыру – басты міндеттерінің бірі. Осы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бұл мүмкіндік туралы қала жастарының назарына жеткізген жөн. Жастарға барынша қолдау көрсетіледі», – деді.

Президенттік жастар кадрлық резервін құру қажеттігін 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында атап өткен болатын. Сол кезде Мемлекет басшысы резервтің жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналуы тиіс екенін айтты.

Back to top button